"Қызымның еміне ақша жинауы үшін 750 мың теңгедей жібердім": "Робин Гуд" атанған Ілияс Сариевке қатысты сот отырысы басталды
Фото: Видеодан скриншот
Алматыда Алмалы аудандық сотында блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотқа мүгедектігі бар балалардың ата-анасы да қатысты. Олар блогермен қалай танысқандарын айтып берді. Журналист Руслан Өтепбайдың тәуелсіз бағдарламасына сенсек, бұл істе бас аяғы 26 жәбірленуші бар екен.
“Екі баласы бар, жалғызбасты анамын. 3 жарым жастағы қызымның еміне ақша жинай бастадым. Бірақ емге қажет ақша жиналмады. Өзімнің жұмысымдағы әріптестерім көмектесіп, Ілияс Сариевтен көмек сұрауға кеңес берді. Жеке телефонын алып, көмек сұрадым. Хабарласқан бойда, ол кісі маған видео арқылы шығып, қызымды көрсетуімді сұрады. Екі сағаттан кейін үйге келіп, “Баланың жағдайын бақылауым керек” деп түнде бір-ақ кетті. Күндіз келген адам түнге дейін қасымызда болды. Қызымның еміне ақшаны тез жинап беруге уәде етті. “100 мың теңге салып жіберіңіз, видео түсіретін балаларға беруім керек” деді. Бірақ ақша жинауды 8 наурыздан кейін бастайтынын ескертті. Сұраған ақшасын бөліп-бөліп төледім. Бүгінде бас-аяғы 750 мың теңге ақша жібердім. 8 наурыз өткеннен кейін бұл кісімен хабарласу мүмкін болмай кетті. 29 наурызда-ақ алдап кеткенін білдік. Барлық сөйлескен хаттарымыздың скриншоты бар. Кімге қанша аударғаныма қатысты да түбіртектерді көрсете аламын”, – деді Айман есімді жалғызбасты ана.
Одан кейін сотқа онлайн қатысып отырған жәбірленушілерден жауап алынды. Олар біраузыдан блогерге сенгенін жасырмады.
“Қызымның еміне ақша қажет болып, 6 қаңтар күні Ілиясқа жаздым. Жеке парақшасында көрсетілген нөмерге хабарластым. Ол бірден жағдайының болмай жүргенін айтты. “Халыққа тегін көмектесіп едім, бірақ халық еңбегімді бағаламады” деді. Қазір жаныма видео түсіретін жігіттерді алдым, солардың ақшасын берсеңіз, сізге қажет сумманы жинап беремін деді. Бір айда жиналады деген сөзіне сендім. Егер Сариев менің ақшамды түгел қайтарса, кешірім беремін. Қасында жүрген Дүйсееваны танымаймын”, – деді көпбалалы ана.
Келесі тыңдалым 25 қыркүйек күні жалғасады. Ілияс Сариевтің адвокаты Эльнура Кішкенебаева да сот отырысына қатысты пікір білдірді.
“Ілиястың ісін тергеудің ортасында ғана қолыма алдым. Оған дейін басқа адвокатпен жұмыс істеді. Бұл жердегі жағдайдың бәрін түсіну керек. Өзара нақты уақыты белгіленбеген. Келісім уақыты да көрсетілмеген. Жәбірленуші тараптың құжатын қарағанда да нақты ақшаны жинау уақыты жазылмаған. Олар келтірілген шығында қайтарып берсе, кешірім береміз дейді. Өйткені Сариевтің тарапынан ешқандай зақым келтіретін іс-әрекет болмаған. Блогер бүкіл видеоларын салған. Тек бір ай ғана кешіктірген”, – деді адвокат.
Талқылау

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
Қазақта балалы үйге қай уақытта қонақ бармағанын этнограф Бұлбұл Кәпқызынан сұрап білдік

“Тұрсынбекті жек көріп кетпеңіздер”: Мөлдір Мұқан әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен қарым-қатынасы туралы айтты
Мөлдір Мұқан: "Күйеуімнен қолдау таппадым"