Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Павлодарда заңсыз вейп сатқандардан 4 көлік пен элиталы үйдегі пәтер тәркіленді

Фото: Видеодан скрин

Алматы мен Павлодарда вейптерді заңсыз сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. 711 миллион теңгенің 131 мыңнан астам өнімі тәркіленіп, алты адам қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Алматы қаласы мен Павлодар облысы аумағында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз айналымға шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.

Қолданыстағы заңнамамен тыйым салынғанына қарамастан, күдікті тұрақты табыс табу мақсатында вейптерді сатудың жүйелі әрі тұрақты схемасын ұйымдастырған. Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында дүкендер желісі қайта аталып, ресми түрде кальян өнімдерін сатуға бағытталғандай көрсетілген. Алайда іс жүзінде электрондық тұтыну құрылғылары мен олардың қосалқы бөлшектері сатылған.
Тыйым салынған өнімдер "Telegram" мессенджері арқылы да өткізіліп, курьерлік жеткізу қызметі пайдаланылған.

Құпиялылықты сақтау үшін жалға алынған орынжайлар, сенімді адамдар және мессенджерлердегі шифрланған байланыс арналары қолданылған. Заңсыз саудадан түскен қаражат қолма-қол түрде де, жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы да жиналып, кейін қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген. Тінту барысында жалпы құны 711 миллион теңгеден асатын 131 мыңнан астам вейп тәркіленді.

Өнімдерді өткізу негізінен жастарға, соның ішінде кәмелетке толмаған мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған. Бұл олардың денсаулығына тікелей қауіп төндірген.

Күдікті әшкереленіп, бұлтартпау шарасы қолданылғанына қарамастан, байланысы бар тұлғалар арқылы және қосымша жасырыну шараларын пайдаланып, топтың қызметін үйлестіруді жалғастырған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа 4 автокөлік пен Алматы қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтер сатып алынған. Аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес қатысушысы қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.



Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда агроөнеркәсіпке бөлінген субсидияларды жымқыру дерегі әшкереленді. Тергеу мәліметінше, "Рассвет" шаруа қожалығында жеткілікті мал басы болмағанына қарамастан, "МолПродЖаркаин" компаниясына 3 млн литрден астам сүт жеткізілді деген жалған құжаттар рәсімделген. Соның негізінде 152 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия заңсыз алынған. Сот шешімімен екі айыпталушы 6 жыл 4 айға сотталып, мүлкіне тыйым салынды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 11:58