70 мың теңгенің шоколадын ұрлаған қазақстандық сот залында босатылды
"Merci" және "Қазақстан" шоколадтарын ұрламақ болған Жезқазған тұрғынын супермаркет әкімшілігінің өкілдері сот залында кешірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Ер адамға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды.
"2024 жылдың 14 желтоқсанында азамат Е, "С" супермаркетінде жұмысшылардың жоғын пайдаланып, жалпы сомасы 71 544 теңге болатын "Қазақстан" маркалы 33 және "Merci" маркалы 22 шоколадты жасырын түрде ұрлап кеткен. Алайда супермаркеттен шығып бара жатқанда күзетшілер тоқтатып, ұрланған заттарды алып қалған", – делінген сот хабарламасында.
Ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Жәбірленуші тарап жауапкермен татуласқанын және қосымша талаптардан бас тартқанын хабарлады. Нәтижесінде сот қылмыстық істі қысқартып, азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Қаулы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада дубай шоколадын сатып адамдарды алдаған алаяқ 3 жылға сотталғаны туралы жазған едік.