7 триллион теңгені аудару дерегі: Тимур Сүлейменов орынбасарының неліктен қызметінен кеткенін айтты

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының неліктен қызметінен босатылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифингте Тимур Сүлейменов орынбасарының не себепті қызметінен кеткенін айтты.
“Тек ресми пресс-релизге сүйенуге шақырамын. Онда Шолпанқұловтың өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны көрсетілген. Демек ол қызметінен өз өтініші негізінде кетті. Одан басқа алып қосар ештеңе жоқ”, – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару дерегіне де қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазір бұл іс бойынша тексеру жүріп жатыр.
“Ал банкке қатысты айтсақ, қазір тексеру жүріп жатыр. Қосымша мәліметтер тексеру аяқталған соң белгілі болады. Тексеру Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің үйлестіруімен жүріп жатыр. Оған Ұлттық банк пен Қаржы мониторингі агенттігі де қатысады. Сондықтан тексеру туралы ресми құжаттар тексеру жүргізу, оның мерзімін ұзарту жөніндегі хабарламалар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бланкісінде рәсімделеді. Сол себепті бұл мәселе бойынша нақты ақпарат алу үшін сол ведомствоға жүгінген дұрыс”, – деді Сүлейменов.
Тимур Сүлейменов тексеру аяқталмай қандай да бір пікір білдіре алмайтынын айтты. Тексеру аяқталған соң тиісті қорытындылар жасалады дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандық банктердің бірінен 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару туралы ақпаратқа пікір білдірген еді. Сол кезде Шолпанқұловтың айтуынша, президент айтқан 7 триллион теңге міндетті түрде заңсыз қаражат шығару дегенді білдірмейді, бұл жай ғана "жалпы айналым" болуы да мүмкін. Ол мысал ретінде: егер екі адам бір-біріне күн сайын мың теңгеден аударып отырса, жылдың соңында "қомақты сома жиналатынын" айтты. Оның сөзінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан тексеру жалғасуда, алайда "ерекше құқықбұзушылық белгілері" анықталмаған.
Ол осы пікірінен соң бірден қызметінен кеткен.
Мән-жайы
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірі "көрші елден" 7 триллион теңгеден астам қаражатты басқа мемлекеттерге аударуға көмектескенін айтқан еді. Осыдан кейін реттеуші органдар бірқатар банктің трансшекаралық операцияларына тексеру бастаған. Қорытындысы келесі аптада жарияланбақ.
Топ чемпионатта ойнағым келеді, ал білім мен спортты қатар алып жүру маңызды қағидам — Әділет Садыбеков