"7 iPhone-ға 2 миллион 450 мың теңге берген": Адам өлтіріп сотты болған ер адам әйелдерді арзан бағада телефон алып беремін деп алдаған

Бұрын адам өлтіргені үшін сотты болған 43 жастағы ер адам “құрбандарын” Tinder-ден іздеген. Ол әйелдерге iPhone-ды арзан бағада алып беремін деп уәде етіп, сан соқтырып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, Азиз Умаров қыздармен кездесіп, олармен кофе ішіп, құрылыс саласында табысты жұмыс істейтінін, кондиционер орнатуға маманданғанын айтып, танысқан. Сондай-ақ өзінің сыйлы екенін айтқан.
Сөйтіп жүріп ол өзінің жақсы таныстары барын, атап айтқанда, жүргізуші куәлігін 250 мың теңгеге жасап бере алатынын немесе қымбат техниканы үлкен жеңілдікпен алып бере алатынын айтқан. Мысалы, ІPhone-ның жаңа үлгісін небәрі 300 мың теңгеге сатып алуды ұсынған.
Алаяққа алданғандардың бірі бірнеше телефон алмақ болып Sulpak дүкенінің автотұрағына баласымен бірге келіп, Азиздің қолына 900 мың теңге ұстатқан. Ер адам ақшаны алған соң смартфондарды алып келемін деп кетіп, ақыры келмеген. Оның ұялы телефоны да өшірулі болған.
Тағы бір жәбірленуші бір ІPhone-ды 350 мың теңгеге сатып алмақ болып, Умаровқа 2 миллион 450 мың теңге санап берген. Қолына ақша тиген соң ер адам тағы ізін суытқан. Бұған дейін Умаровтың Tinder арқылы танысқан әйелден 100 мың теңге алғаны белгілі болды.
Кейін Умаров ұсталып, өз кінәсін мойындады. Айыпталушы 2011 жылы кісі өлтіру және ұрлық жасағаны үшін сотталған болып шықты. 14 жылға бас бостандығынан айырылған ол жазаның тек 10 жылын ғана өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Енді алаяқ алдағы бес жылы қауіпсіздік деңгейі жоғары колонияжа өткізеді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
"АҚШ-та үндемей қалу сыпайылық емес, сенімсіздік": Bloomberg-те жұмыс істейтін қазақ қызы Америкадағы өмірі туралы