"7-20-25" тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы аясында баспана сатып алу лимиттері ұлғайтылды
Ұлттық Банк "7-20-25" ипотекалық тұрғын үй кредиттеу Бағдарламасын бекіту туралы" қаулыға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін хабарлады.
Өзгертулер мен толықтырулар Ұлттық Банктің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №59 Басқарма қаулысымен енгізіледі, онда:
- Астана, Алматы қалалары және олардың қала маңы аймақтарында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында сатып алынатын баспананың ең жоғары құнын 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін көтеру;
- Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін көтеру;
- басқа өңірлерден 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін көтеру көзделеді;
- қарыз алушыларға төлем қабілетін растау үшін тең қарыз алушыны (тең қарыз алушыларды) ғана емес, кепілгерді де тартуға мүмкіндік беріледі.
Қаулыға сәйкес, кредиттік өтінімді қарау кезінде қарыз алушының кірісі тоқтаусыз жүргені маңызды шарт болады. Бұл нормалар тұрғын үйдің қолжетімді болу мүмкіндерін кеңейтіп, ипотекалық тұрғын үй қарыздарының икемділігі мен қолжетімділігін арттыру үшін енгізіліп отыр. Қаулымен қамтылмаған ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлерi мен Бағдарламаның талаптары өзгерiссiз қалады.
Биылдың басында Ұлттық Банк "7-20-25" бағдарламасына алынған қарыздың негізгі борышы мен сыйақысы бойынша мерзімді әскери қызметті өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күн кіретін кезеңге мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін төлем мерзімін кейінге қалдыруды, әрбір отбасы мүшесіне пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем жатақханалардағы бөлмелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апат жағдайында деп танылған тұрғын үйлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 18 ай ішінде қарыз алушының (және жұбайының/зайыбының) меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы туралы талаптарды енгізген.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап бағдарламада әр жыл сайын 100 млрд теңге көлемінде кредиттеу лимиті бекітілді.
Бағдарламаның операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ банктердің бағдарлама шарттарымен берген кредиттерін ағымдағы бюджет шегінде өтейді. Осылайша, банктер бағдарлама бойынша алдын ала қаржыландырылмайды.
Бағдарлама бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ипотекалық несие береді. Азаматтар Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.
"7-20-25" бағдарламасының серіктес банктері: ЦентрКредит Банкі, Халық Банкі, Freedom Finance Қазақстан Банкі, РБК Банкі, Altyn bank, Еуразиялық банк, Fortebank.
"7-20-25" бағдарламасы 2018 жылы іске қосылды. Мақсат – 20%-дан басталатын бастапқы жарнасы бар жұмыс істейтін азаматтарды 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлемесімен қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету.
2025 жылғы 2 қазандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 1 149,7 млрд теңгеге 81 886 жеңілдетілген қарыз берілді.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
