Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелге жұмысқа барған қазақстандық қыз 700 мың теңгедей шығынға батып, бір аптадан соң елге қайтып келген

Фото: Stan.kz/AI ChatGPT

Алматылық қыз шетелден жұмыс табамын деп қомақты қаржысынан айырылған. Ол 2025 жылдың қаңтарында бір компаниямен Болгарияға жазғы маусымда жұмыс істеуге келісімшарт жасасқан. Үш ұсыныстың ішінен даяшы қызметін таңдапты. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпей, жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Осылай деген Ая есімді қыз Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғасын баяндады.

“Бөлменің іші сасық, жуынатын бөлме жоқ”

Компания қызметі үшін 160 000 теңге төледім. Олар мамыр айының соңында кетесің деп уәде берді. Бірақ іс жүзінде маусым айының аяғында ғана ұштым. Осылайша бір айымды текке жоғалттым. Виза рәсімдеуге де 72 120 теңге жұмсадым. 30 маусым таңғы сағат 6:00-де Болгариядағы қонақүйге келсем, мені орналастырған бөлменің іші сасық, жуынатын бөлме мүлде жоқ, бір бөлмеге бес кереует қойылған. Ал маған бұрын екі-үш адамдық бөлме, жайлы жағдай болады деп айтқан еді. Ақыры өзім жүгіріп жүріп, жағдайы дұрысырақ жатақханаға ауыстым. Ол жұмыс орнымнан 15-20 минут жерде орналасқан.

“Нағыз ұлтшылдықпен бетпе-бет келдім”

Бір аптадай ғана даяшы болып жұмыс істедім. Бірақ сол аз уақыттың ішінде нағыз ұлтшылдықпен бетпе-бет келдім. Бізге қазақтарға және бір украин қызға ресторанның терезесін жууға, сыпырғышпен залды тазартуға бұйрық берді. Ал болгар ұлтының өкілдері жай әңгімелесіп, демалып тұрды. Ресторандағы бас менеджер де дөрекі сөйлеп, жүйкеме тиді. Тіпті кейде жылап қалатын сәттерім де болды. Жұмыс істейтін жердің асханасы мен ас ішетін жерлері лас болды, тіпті құмырсқалар жүр.

“Елге қайтар жолдың ақшасын өзім төлеуге мәжбүр болдым”

Соңында ұшаққа билетті өзім сатып алдым. Оған 267 000 теңге төлеуге тура келді. Алматыға қайтар билет үшін де 172 000 теңге өз қалтамнан шықты. Өйткені бұл соманы төлемесем, қонақүй менімен келісімшартты бұзбайтынын айтты. Нәтижесінде 671 000 теңгемнен айырылыдым және жүйкем сыр берді.

Аталған жағдай қызу талқыға түсіп, желі қолданушылары осыған ұқсас оқиғаларды айтып берді.

“Жалпы, жұмыс іздесеңіз компанияларға жүгінудің қажеті жоқ. Бір кездері достарыммен бірге компанияға әрқайсымыз 250 000 теңгеден төлеп, келісімшарт жасадық. Ал виза үшін 45 000 теңге бердік. Дегенмен жұмысты 6 ай күттік. Компания жарты жыл бізді үміттендіріп, алдап ұстады. Олар Польшадағы бір агенттікпен жұмыс істейді. Сол агенттік шақырту қағазын рәсімдеп, біз жүгінген компанияға шамамен 50 000 теңге төлейді. Сөйтіп, олар бізден 250 000 теңге алып, польшалық агенттіктен де табыс тапты. Ал олардың нақты атқаратын жұмысы жарнама жасау мен визаға көмектесу. Сондықтан айтар кеңесім ешқандай делдал компанияларға жүгінбеңіздер. Артық ақшаңызды делдалдарға төлеудің қажеті жоқ", – деп жазды бірі.

Енді бірі құрбысының күйеуі шетелге жұмыс іздеп барып, біршама қиындыққа тап болғанын айтты. 

"Құрбымның күйеуі Шотландияға жұмысқа кеткен. Фермаға орналасып, бір ай бойы құлпынай терген. Фермада бір румын азаматы болған. Ол бригадир қызметін атқарыпты. Қай жерде өнім мол болса, сол жерге тек өз ұлтын, яғни румындарды жіберіп отырған. Ал қазақтар мен қырғыздарды ең қиын учаскелерге жіберген. Осылайша құрбымның күйеуі бір ай жанын салып еңбек етіп, кейін жанындағылармен бірігіп, ферма иесіне шағым түсірген. Содан кейін оларды Лондон маңындағы басқа фермаға ауыстырған", – дейді желі қолданушысы.

Тағы бір желі қолданушысы жұмыс табу үшін бір компанияға жүгініп, соңында қатты өкінгенін айтты. 

"Мен де дәл осы компания арқылы Түркияға жұмысқа бардым. Бастапқыда "жұмыс біткенше қолдау көрсетеміз" деп уәде берген еді. Алайда бәрі керісінше болып шықты. 5 жұлдызды қонақүйде тұруым керек еді, бірақ 3 жұлдызды қонақүйге орналастырды. Кондиционер, жеке ванна мен теледидары бар бөлмелер болады деген. Алайда іші мүлде нашар бөлмеге орналастым. 6 бөлмеге 2 ғана жуынатын орын бар. Әр бөлмеде 6 адамнан тұрады. Wi-Fi болады деді, ал біз алғашқы 10 күн интернетсіз жүрдік. Мүлде қолдау білдірмеді. Қоңырау соғып, жазсақ та мәселеміз шешілмеді. Бұл 2019 жылы болған жағдай. Біз Түркияға түрмедегідей жағдайда өмір сүру үшін емес, жұмыс істеуге барған едік. Оның үстіне компанияның қызметіне ақы төледік", – дейді бірі. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 15:03
Талқылау