Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

66 адам қаза тапқан: Түркиядағы қонақ үйлердің бірінде өрт шықты

Түркияның Карталкая тау шаңғысы курортындағы Grand Kartal қонақүйінде өрт шықты. Өрт салдарынан қаза тапқандар саны 66 адамға жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Коллаж: Stan.kz 

Қаза тапқандар арасында демалушылар мен қызметкерлер бар. Қазір қайғылы оқиғаның себептері анықталуда.

Болу қаласында болған қайғылы оқиғада 66 адам қаза тауып, 51 адам жараланған. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеді. Оқиға Короглы тауының басында орналасқан Карталкая тау шаңғысы курортында болған.

"Өкінішке орай, бүгін таңертең Болудағы Карталкаядан қайғылы хабар алдық. Өрттен кейін бірден ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және туризм министрлерін қажетті жұмыстарды үйлестіру үшін аймаққа жіберілді”, – деп мәлімдеді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Фото: Reuters

Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемисоглуның айтуынша, жарақат алған 51 адамның біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, 17-адам ауруханадан шығарылған. Куәгерлердің айтуынша, адамдар 12 қабаттың терезесінен маталарды байлап түспек болған.

Өртті сөндіруге сегіз провинцияның өрт сөндіру топтары қатысты. Өрт сөндіру жұмыстары шамамен 10 сағатқа созылды. Қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін алты прокурор мен бес адамнан тұратын сараптама комиссиясы тағайындалды.

Жергілікті сот жалған ақпараттың таралуына жол бермеу және қаза тапқандардың туыстарын қорғау қажеттігін алға тартып, оқиға туралы жаңалықтарды жариялауға тыйым салды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, жергілікті биліктің алдын ала деректері бойынша зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

"Жергілікті биліктің алдын ала мәліметі бойынша, зардап шеккендер арасында біздің азаматтар жоқ", – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске салсақ, осыған дейін Түркиядағы қару-жарақ зауытында жарылыс болып, 12 адам қаза тапқанын жазғанбыз.

Талқылау