Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот 6,5 жылға абақтыға қамалған актер Асқар Жұмабектің қалай бір жылда бостандыққа шыққанын түсіндірді

Қазақтандық актер Асқар Жұмабек 6,5 жылға сотталғаннан кейін бір жылдан соң мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сот оның жазасының өтелмеген бөлігін жеңілірек жазаға ауыстырды. Осылайша оның айыппұлмен ауыстыру туралы өтінішін қарастырып, шешім қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Асқар Жұмабектің желідегі парақшасынан

Мәліметтерге сенсек, Асқар Жұмабектің жазасын жеңілдету туралы өтініші Тараз қаласының №2 сотымен қаралды. 2023 жылдың қазан айында Алматының Бостандық аудандық №2 соты актерді бір караоке-барында төбелеске қатысқаны үшін кінәлі деп тауып, 6 жыл 6 ай 15 күн түрме жазасын тағайындаған. Бұл іс бойынша ол Қылмыстық кодекстің 293-бабының (Бұзақылық) 2-бөлігі, 1-тармағы, 106-бабының (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) 2-бөлігі, 1), 5), 7), 107-бабының 2-бөлігі, 1), 5) тармақтары бойынша сотталған.

2024 жылдың 20 тамызында Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы актердің жазасын өзгертіп, оны 4 жыл 15 күнге дейін қысқартты.

Тараздағы №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, сотта Асқар Жұмабек жасаған іс-әрекетіне өкінгенін, түзелу жолына түскенін және өтінішін толық қолдайтынын түсіндіріп, оны қанағаттандыруды сұраған. Зардап шеккен тараптың өкілі, адвокат А зардап шеккендерге материалдық зиян мен моральдық шығын толық өтелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар жәбірленушілер актерге кешірім беріп, өтініштің қанағаттандырылуына қарсылық білдірмейтінін айтқан.

№25 түзету мекемесінің өкілі сотта Асқар Жұмабекке өтінішін қанағаттандыру қажет деген пікір білдірді. Прокурор да осындай пікір білдіріп, өтінішті қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды ұсынды.

"Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сай, егер сотталушы қылмыспен келтірілген зиянды толық өтесе немесе жазасын өтеу тәртібін бұзбаған болса, қалған жазасын жеңілірек жазаға ауыстыруға болады. Сот зардап шеккендерге келтірілген зиянның өтелуін, мәжбүрлі төлемдер мен процессуалдық шығындардың төленуін, сондай-ақ зардап шеккендермен татуласуды ескереді. Осылайша Жұмабектің өтінішін қанағаттандырып, оның жазасының қалған 2 жыл 5 ай 11 күнін 670 797 теңге мөлшерінде айыппұлмен алмастырды. Тараптар сот шешімін апелляцияға бермеді", –делінген сот хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы караоке-барда жаппай төбелеске қатысып, 6 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылған белгілі актер Асқар Жұмабек қамаудан босатылғанын жаздық. Өнер иесі досына араша түсемін деп түрмеге түскен болатын. Желі қолданушылары кино жұлдызының аман-есен босап шыққанына құттықтау-тілек жазды.

Талқылау