Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстаннан онлайн казино арқылы 600 миллиард теңге шығарылған

600 миллиард теңге айналым: Қазақстандық банктердің басшылары онлайн-казиноға қатысы бар деген күдікке ілінді

Фото: Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкерленді. Онда ақша төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде жасырынып, онлайн казиноның пайдасына шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған “сұр” POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған. Қазір заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 миллиард теңгеден асады.

“Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған. Сонымен қатар төрт онлайн казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған”, – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түсті.

Аталған іс-шараларды жүзеге асыру кезінде 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сот санкциясымен, олардың ішінде “Төлем ұйымдары қауымдастығы” ЗТБ басшысының кеңесшісі бар тоғыз тұлға қамауға алынды.

Олардың ішінде сегіз шетел азаматы бар. Шетелдіктерді халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалып жатыр.

Агенттік Қазақстан аумағында онлайн казино қызметіне толық тыйым салынғанын ескертті.

Мұндай платформалар:

  1. Салық төлемейді,
  2. Клиенттерді сәйкестендірмейді,
  3. Балалар мен жастарды белсенді түрде тартады,
  4. Халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 12:46