600 камераны бақылап, жүйенің ақауын тексереді: Алматыдағы метроның үздіксіз жұмыс істеуін кім қамтамасыз етеді

Фотода Серікқайша Құдайбергенова/Stan.kz
Серікқайша Құдайбергенова Алматы метрополитенінде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Метро құрылысы аяқталар тұста ол жұбайымен бірге "Қазақстан Темір жолынан" ауысып келген екен. Содан бері тынбай еңбек еткен ол "Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл" медалімен марапатталыпты. Тілшіміз метро қызметкерімен сұхбаттасып, қаладағы басты қозғалыс құралының жұмысын кімдер қамтамасыз ететінін біліп көрді.
Серікқайша Құдайбергенова еңбек жолын темір жолдан бастаған. 19 жасында шалғай разъезге жіберілген ол жұмыстың қиындығына мойымай, аз уақытта қызметі өскен.
"Көзіңізге елестетіп көріңізші, шалғай станцияда 19 жасар қыз ер адамдармен бірдей темір жол бойындағы құрылғылардың жұмысын қамтамасыз етеді, жөндейді. Біз ол кезде диспетчердің айтқанын орындайтын едік. Мен үшін диспетчер деген биікте отырып, бұйрық беретін адам болып елестейтін. Сол кезде алдыма диспетчер боламын деген мақсат қойдым. Бастапқыда бәрі маған "қызым, балабақшаға бар" дейтін. Бірақ 5-6 жылдан кейін мен аға диспетчер болып отырдым. Біздің жұмыс жауапкершілікті талап етті. Сондықтан кей кезде талапшыл, кейде қатал болуға тура келеді. Темір жолға келген соң бұл менің стихиям екенін түсіндім. Басқару, тез шешім қабылдау, жедел жұмысты ұйымдастыру – бәрі маған ұнайды", – дейді ол.
Ал 2009 жылы Серікқайша Құдайбергенова жұбайымен метрополитенге ауысып, автоматтандыру жұмыстарын қолға алған екен. Қазір Алматы метросындағы автоматты басқару жүйесі ТМД елдерінің ешқайсында жоқ дейді.
"Жұбайым басшы, ал мен инженер болып жұмысқа келдік. Бастапқыда тек екі адам едік, ал метро ашылған уақытта бөлімде 74 адам болды. Көбіне темір жолдағы әріптестерімізді шақырдық. Елдегі алғашқы метрополитен болғандықтан, ненің қалай жұмыс істейтінін теміржолшылардан артық ешкім білмеді. Ал 2010 жылы біз ТМД-дағы метро жүйелерін араладық. Әріптестерім Питер, Мәскеу, Қазан сынды қалаларда білім алды. Біздің жүйе пойыздардың қозғалысын автоматты басқаруға негізделген. Метро құрамы өздігінен қозғала алады, бірақ қауіпсіздік үшін машинист бәрін бақылайды. Метро ашылғанша біз 1,5 айлық оқудан өтіп, қалғанын іс жүзінде оңтүстіккореялық әріптестерден үйрендік", – дейді Серікқайша Тілеуханқызы.
Қазір метро елдегі ең озық көлік құралы болып отыр. Былтыр турникетке бет-әлпет арқылы төлеу, яғни FacePay енгізілсе, келер жылы әдеттегі жетон алып тасталып, орнына бір реттік чек қойылмақ.

Фотода Серікқайша Құдайбергенова/Stan.kz
"Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде шетелдік тәжірибеге арқа сүйейміз. Басшылықтың шешімімен турникет маңындағы кептеліс мәселесін шешу үшін жетонды алып, орнына бір реттік чек қойылады. Сондай-ақ картамен, бет-әлпетпен төлеу әдістері де қатар қолданыла береді", – деп жаңалықтарды бөлісті ол.
Метроның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелер
Серікқайша Құдайбергенованың айтуынша, Алматыдағы метро жүйесіне 600-ден аса камера орнатылған. Ал радиобайланыс машинист пен диспетчер арасындағы үзіліссіз байланысты қамтамасыз етеді.
"Жалпы метрополитен жүйесіндегі қауіпсіздікті осы бейнебақылау камералары қамтиды. Оның үстіне пойыздағы байланыс, дипетчерлік, жедел байланыс еш ақаусыз жұмыс істеуі керек. Біз осы жүйелерде ақау болмауын бақылаймыз. Ал мұны біздің қызметкерлер қамтамасыз етеді. Егер бір жерде ақау шықса, тез шешім қабылдап, ақауды кім түзей алатынын шешіп, қызметкерлерді жібереміз. Менің ауысымым тағы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін. Ал кешкі ауысым 20:00-ден 8:00-ге дейін жалғасады. Жұмысқа келе сала біз медициналық тексерістен өтеміз, осыдан кейін ғана бізге рұқсат беріледі", – дейді ол.

Метродағы бейне бақылау камералары
Метро қызметкерінің сөзінше, оның қызметте игерген дағдылары күнделікті тұрмыста көмегін тигізеді. Еңбегі жайлы көпшілік білмесе де, ол мемлекет елеп жатқанына қуанышты.
"Үйде бір құрылғы істемей қалса, өзім де жөндей аламын. Бәрін үйренуге болады. Жастарға да айтарым сол, еңбектен қашпау керек. Егер білмей жатсаң, аға буыннан сұрап ал. Қазір жұмысшы мамандықтар жайлы көп айтылып жүр ғой. Жастар мұндай мамандықтан қашпауы керек, керісінше еңбекте жетіліп, маман ретінде өскен жандар талай жетістікке жетеді. Жақында Конституцияның 30 жылдығына арналған медальді иелендім. Бұл да – менің еңбегімнің еленгені. Жұмысымыз халыққа көрінбесе де, бізді мемлекет елейді", – деп түйіндеді ол.
"16 жерінен пышақтап, сойып тастаған": Алматы облысында әкесі 15 жастағы қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді