"6 миллион теңге сыйақы алады": Қазақстан оқушыларының халықаралық білім сайыстарындағы жетістігі қандай

Кейінгі 3 жылда Қазақстан атынан халықаралық зияткерлік аренада 2 582 оқушы олимпиадаларға қатысып, оның 1090-ы жүлдегер атанды. Ал биылғы жартыжылдықта оқушыларымыз бірқатар халықаралық жарыстарға қатысып, жалпы 300 медаль жеңіп алған. Stan.kz ақпарат агенттігі білім додасында оза шауып, Қазақстанның мерейін асырған оқушылар мен олардың жетістігі туралы сөз қозғамақ.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, кейінгі 3 жылда халықаралық зияткерлік аренаға барлығы 2 582 қазақстандық оқушы шығып, оның ішінде 1090-ы олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері атанған. Оның ішінде 133 оқушы алтын, 364 оқушы күміс және 593 оқушы қола медаль иегері болды.
Сонымен қатар қазақстандық білім алушылар әлемдік деңгейдегі ең беделді болып табылатын 7 олмпиадаларға да белсенді қатысып, еліміздің әлемдік зияткерлік сайыстардағы беделін нығайтып келеді:
– 2022 жылы 27 медальға (3 алтын, 15 күміс, 9 қола);
– 2023 жылы 23 медальға (2 алтын, 11 күміс, 10 қола) қол жеткізсе;
– 2024 жылы еліміздің қоржынында 27 медаль (2 алтын, 12 күміс, 12 қола) болды;
– 2025 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандық оқушылар бірқатар халықаралық жарыстарға қатысып, жалпы саны 300 медаль жеңіп алды. Олардың ішінде 42 алтын, 107 күміс және 151 қола медаль бар.
Биыл 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен елу жетінші Халықаралық химия олимпиадасындағы (IChO-2025) қазақстандық команданың жетістіктерін ерекше атап өткен жөн. Олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен білім өкілдері қатысқан. Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.
"Халықаралық зияткерлік олимпиадаларға дарынды оқушыларды дайындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі жүйелі жұмыс істеп келеді. Оқушыларды ауқымды зияткерлік сайысқа жан-жақтан дайындау үшін түрлі республикалық олимпиадалар өткізіледі. Олимпиадалық резерв мүшелеріне оқу-жаттығу жиындары және оқушылардың ерекше қабілеттерін дамытуға көмектесетін арнайы бағдарламалар мен курстар ұйымдастырылады", – дейді Оқу-ағарту министрлігі.
2022 жылдан бастап мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйайқы беріліп келеді. Бұл ретте Қазақстан – білім олимпиадасы жүлдегерлеріне осындай қолдау көрсететін санаулы елдің бірі.
Қазақстанда халықаралық олимпиадада жүлде алған оқушылар мен олардың мұғалімдері мынадай сыйақы алады:
Оқушылар:
-
Алтын медаль – 1500 АЕК (5 898 000 тг)
-
Күміс медаль – 1000 АЕК (3 932 000 тг)
-
Қола медаль – 500 АЕК (1 966 000 тг)
Мұғалімдерге (біржолғы сыйақы):
-
Алтын медаль алған оқушы тәлімгеріне – 26,5 есеге көбейтілген жалақы
-
Күміс медаль алған оқушы тәлімгеріне – 17,5 есеге көбейтілген жалақы
-
Қола медаль алған оқушының тәлімгеріне – 8,5 есеге көбейтілген жалақы
"Жүлдегерлердің көпшілігі еліміздегі және шетелдегі беделді университеттерге грантпен оқуға түсіп, өз саласында кәсіби бағыт алып келеді. Бұл жеңістер тек жеке табыс емес, сонымен қатар мектептің беделін көтеріп, басқа оқушыларға үлгі болып отыр. Мұғалімдердің еңбегі мойындалып, кәсіби мотивациясы артты. Сонымен бірге бұл жетістіктер адами сапалы капиталды қалыптастырудың нақты нәтижесі болып саналады. Жас ұрпақ біліммен ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, креативтілік сияқты өмірлік дағдылармен де қаруланып келеді. Бұл – ел болашағы үшін аса маңызды қадам. Министрлік дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және ынталандыру жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Алдағы уақытта да халықаралық білім додаларында ел мерейін көтерер оқушылар қатарын арттыру мақсатында жүйелі шаралар қабылданады", – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев