Алматылықтарды 6 қарашада жойқын жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат қорқытты: ТЖМ мәлімдемесі
Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік желілерде тараған Алматы қаласы мен Алматы облысында жойқын жер сілкінісі болатыны туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: shutterstock.com
Алматы облысында мектеп оқушыларының ата-аналарына арналған чаттарда 6 қараша күні "6 баллдық жер сілкінісі болады" деген қауіпке байланысты балалардың сабақтан босатылғаны туралы ақпарат тараған.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Министрліктің мәліметінше, Алматы қаласы мен Алматы облысында 6 баллға дейінгі жер сілкінісі болады деп болжанбаған.
"Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының мәліметтеріне сәйкес, жыл соңына дейін жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз", – делінген хабарламада.
Алматыда 7 баллдан жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін бе – Сейсмологтар жауап берді
Алматы облысы білім басқармасы да бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады. Аудандық білім басқармаларына Алматы облысының аумағында жойқын жер сілкінісі күтілмейтіні, екі рет жер сілкінісі тіркелгені және жер сілкінісі ошағында әлсіреу процесі байқалатыны туралы ақпарат жіберілген.
"Облыстағы барлық білім беру мекемелерінде төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігі жөнінде алдын ала оқу жұмыстары жүргізілді. Жер сілкінісі кезінде мекеме басшылығы белгіленген хаттамаларды орындады.
Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы алты мектептен 6960 оқушы, сондай-ақ жақын маңдағы елді мекендердегі мектеп пен балабақша тәрбиеленушілері үйлеріне жіберілді. Талғар ауданы Талғар қаласындағы 10 мектептен 12 529 оқушы мен балабақша тәрбиеленушілері үйлеріне қайтарылды", – делінген хабарламада.
Сараптама қорытындысынан кейін 6 қараша күні мектептерде сабақты оффлайн режимде жалғастыру туралы шешім қабылданған.
Еске салсақ, 5 қараша күні Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары жел сілкінісін сезді. Алматылықтар жер сілкінісі туралы SMS-хабарлама алмаған, төтенше жағдайлар министрлігі хабарламаның не себепті келмегенін түсіндірді.