6 баланың әкесі: Құдыққа құлаған қызды құтқармақ болып қаза тапқан ер адамның кім екені белгілі болды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі
Ақтөбе облысында құдыққа құлап кеткен қызды құтқармақ болып қаза тапқан ер адамның кім екені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Байғанин ауданы Жарлы ауылында қоқыс қалдығы бар құдыққа құлап кеткен 9 жасар қыз бен оны құтқармақ болған 37 жастағы ер адам қаза тапқан еді.
Марқұм ер адамның Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес жаттықтырушысы, алты баланың әкесі Нұрбол Бердіғалиев екені белгілі болды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 9 жастағы қыз шамамен сағат 22:00-де жеке үйдің ауласында орналасқан, пайдаланылмайтын ескі құдыққа түсіп кеткен. Тереңдігі шамамен 10 метр болатын құдық ұзақ уақыт қолданылмаған, ішіне қоқыс толып, үсті тақтай мен дөңгелекпен жабылған.
Қызға көмектеспек болған көршісі Нұрбол Бердіғалиев құдыққа түсіп, қайта шыға алмай қалған. Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өліміне улы газдан улану себеп болған. Құтқарушылар екеуін де ес-түссіз күйде сыртқа шығарып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, екеуін де аман алып қалу мүмкін болмады.
"Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылдан бері Жарлы ауылында тұрып, жұмыс істеп келді. Ол республикалық және облыстық турнирлердің 40-қа жуық жеңімпазы мен жүлдегерін дайындады. 20 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Артында алты баласы қалды", – деді Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында 9 жасар бала мен оны құтқармақ болған 38 жастағы спортшы құдыққа құлап көз жұмғаны туралы жазған едік.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
