Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"583 миллион теңге шығын келген": Түркістан облысында мектеп қаржысын жымқырған 14 адамға үкім шықты

түркістан облысы мектеп қаржысын жымқыруФото: Видеодан скрин

Түркістан облысында Байдібек ауданының білім бөліміндегі бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. 583 миллион теңгеден астам шығын келтірген схемаға қатысы бар 14 адам түрлі мерзімге сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеуді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді. Іс материалдарына сәйкес, 18 лауазымды тұлғадан тұратын топ (оның ішінде басшылар, бухгалтерлер және экономистер) ауданның 49 жалпы білім беретін мектебінде жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы бюджет қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.

Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізген. Төлем ведомостары мен есеп айырысу парақтарына іс жүзінде білім беру ұйымдарында жұмыс істемейтін адамдардың деректері қосылған немесе жалақы мен үстемақылардың мөлшері негізсіз жоғарылатылған.

Операцияларды заңды етіп көрсету үшін жалған құжаттар пакеті пайдаланылған. Онда қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есептеу ведомостары, жұмыс уақыты табельдері бар. Құжаттар төлемдер жасалғаннан кейін кері күнмен рәсімделген немесе есепті формалды түрде сәйкестендіру үшін түзетілген.

Бюджет қаражаты жалған тұлғалардың, соның ішінде туыстары мен таныстарының банк шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлеспен қатысушылар арасында бөлінген.

Осылайша, келтірілген залал сомасы 583 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеді. Сот үкімімен 14 адамға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Төрт адамға қатысты қылмыстық қудалау амнистияға байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін қаржы жымқырғаны үшін сотталған қазақстандық бостандыққа шығып көпбалалылар мен жетімдерге берілетін пәтерлерді заңсыз иемденіп алғанын жаздық. Астанада 2014-2016 жылдары А.Байжұманов "Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқара отырып, пайшылардың қаржысын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін пәтерлердің бір бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысы Астана қаласының әкімдігі тарапынан аяқталған.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Ақпан, 2026 10:02