Қазақстандықтар Kaspi картасынан белгісіз сайт қайта-қайта төлем алып жатқанына шағымданды
Фото: Threads, Скрин Steam
Қазақстандықтар Kaspi картасынан белгісіз сайт төлем алып жатқанын айтып, шағым білдірді. Айтуларынша, банк бұл транзакцияларды өз тарапынан бақылауға алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандықтар шағымды Threads парақшасына жазды. Анара есімді желі қолданушысының айтуынша, WL Steam Purchase атты белгісіз қызмет картасынан үш рет 7 850 теңгеден алған. Алайда ол мұндай қызметті мүлде қолданып көрмедім дейді.
“1 желтоқсан сағат 05:29-да WL Steam Purchase атты белгісіз қызмет картамнан үш рет 7 850 деңгеден алды. Жалпы шешілген сома 23 350 теңге. Картамды бұл сервистерге тіркеген емеспін. Тіпті операцияларды растаған жоқпын. Сатып алулар менің келісімімсіз жасалған!Бір қызығы неге транзакциялар кезінде SMS-кодпен растау сұралмады? Бұл қауіпсіздік талаптарына қайшы және клиентке үлкен қауіп төндіреді”, – деп жазды қыз.
Фото: Threads qnqrq
Сондай-ақ ол Kaspi банктен қаражатты қайтару үшін көмектесуді сұрады. Десе де мұндай жағдайға бір емес, бірнеше қазақстандық тап болған екен. Себебі тағы бір желі қолданушысы дәл осы қызмет түрі Kaspi картасынан төрт рет 7 850 теңгеден алғанын айтты.
“Kaspi картамнан түсініксіз төлем алынды. Түстен кейін Kaspi-ге өтініш қалдырдым, бірақ менеджер төлемді алған Steam сайтына жүгіну керек деді. Содан кейін Steam-ге кіріп, “белгісіз сатып алу” бөлімі арқылы өтініш қалдырдым. Барлық скриншоттарды яғни Kaspi-ден алынған төлемдер мен жазылымдар бойынша ақпаратты қоса жібердім. Шамамен бір сағаттан кейін ақша толық көлемде қайтарылды. Steam оны “сатып алу тоқтатылды” деп қайтарып жіберді. Бірақ ең қорқыныштысы қазір адамдардан жаппай ақша шешіліп жатыр. Ал Kaspi жағдайды нақты түсіндірме бермей, “бізге қатысы жоқ” деген позицияны берік ұстанып отыр”, – дейді желі қолданушысы.
Фото: Threads keratin.astana
Ал тағы бір желі қолданушысы аталған сайт 55 мың теңге шешіп алғанын жеткізді.
“Менде де дәл осындай жағдай болды. 1 желтоқсан күні QR арқылы ойын автоматына төлем жасадым. Артынша картамнан 55 000 теңге рұқсатсыз шешілді. Бұған дейін, Кинопарк сайтынан билет алып, карта мәліметтерін енгізген едім. Бірақ шынымен солар ма белгісіз. Нақты айту қиынға соғып тұр. Техникалық қолдауға жаздым. Бірақ олар көмектесе алмады. Қысқасы, ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Сақ болыңыздар”, – деп жазды.
Фото: Threads delu.mii
Ал енді бірі әпкесінің Kaspi картасынан дәл осы сайт 50 мың теңге шешіп алғанын айтты.
“1 желтоқсан күні әпкемнің Kaspi шотынан 50 000 теңге шешіп алды. Олар әр минут сайын 10 000 теңгеден алып отырды. Әпкемнің Steam-да аккаунты жоқ, ойнамайды және картасын ешкімге бермеген. Kaspi-ден жазылымдарын тексердік, ол жерден белсендірмеген аккаунты бар екенін байқадық. Демек сервис жазылымды “жасырын” немесе “автоматты түрде” қосқан болуы мүмкін. Мен де, картамды тексеріп көрдім. Өзімнен де жазылымды байқадым. Оны тіпті жоя алмадым. Kaspi оны үшінші тарап белсендірген болуы мүмкін дейді”, – деп жазды ол.
Фото: Threads shesoluckyshesastar
Kaspi bank тарапы не дейді?
Аталған жағдайға Kaspi банк түсініктеме берді. Олардің айтуынша, Kaspi банк тарапы онлайн сатып алуларды тоқтата алмайды.
“Онлайн төлемдер мен жазылымдар қолданушы карта мәліметтерін өзі енгізген жағдайда ғана қосылады 16 таңбалы карта нөмірін, жарамдылық мерзімін және CVV кодын жазған кезде жүзеге асады. Бұл деректердің қауіпсіздігіне карта иесі өзі жауап береді. Интернет арқылы жасалған сатып алуды біздің тарапымыздан кері қайтару мүмкін емес. Сондықтан төлем жасалған сайттың техникалық қолдау қызметіне жүгінуді сұраймыз”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар банк тарапы қаражатты қайтару үшін сілтеме арқылы “Kaspi Гид” сервисінде арнайы форма толтыруды ұсынды. Сол кезде ғана өз тарапымыздан көмектесуге және дауды шешуге тырысамыз дейді.
“Болашақта төлемдердің алынуын тоқтату үшін Kaspi.kz мобильді қосымшасында мына бөлімге өтуге болады: Жеке банк → Kaspi Gold → Ақылы сервистер мен жазылымдар → Істеп тұрғаны → Болашақтағы төлемдерді тоқтату. Осы әрекеттен кейін бұл сервис Kaspi Gold картасын пайдалана алмайды. Егер сонда да төлем шешілсе, кез келген Kaspi.kz әлеуметтік желідегі парақшасына жеке хабарлама арқылы жаза аласыз. Барлық мәселені қарап, шешуге тырысамыз”, – делінген хабарламада.
Steam қандай қызмет түрі?
Steam – әлемдегі ең ірі цифрлық ойындар дүкені. Steam компьютерлік ойындарды сатып алып, жүктеп, жаңартып және ойнауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа.
Оны 2003 жылы Valve Corporation жасады. Оның негізін қалаушылардың бірі – Гейб Ньюэлл (Gabe Newell). Компанияның бас кеңсесі Вашингтон шатты (АҚШ) Белвью қаласында орналасқан.
Steam-ді ай сайын 120 миллионнан астам адам қолданады екен. Платформада 50 мыңнан астам ойын ресми түрде сатылымда тұр.
Скрин: store.steampowered.com
Айта кетейік, бұған дейін Kaspi Магазин арқылы тауарға тапсырыс берген қазақстандықтар алаяқтарға алданып қалғаны туралы жазған едік.