Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"51 раушан мен 200 қызғалдақ": Алматы облысында шенеуніктер кәсіпкерден пара ретінде гүл шоқтарын сұратқан

Алматы облысында жер ресурстарын басқару басқармасы басшысының орынбасары мен жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің бас маманы кәсіпкерлерден пара ретінде гүл шоқтарын талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Алматы облысында наурызда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жер ресурстарын басқару басқармасы басшысының орынбасары Айдын Түсіпхан жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің бас маманы Руслан Тұрысбековке әкімшілік іс қозғалған кәсіпкерлерге қатысты материалдарды табуды тапсырған.

"Айдын Түсіпхан Тұрысбековті жұмсаған. Ол департамент басшысы Нұрлыбаевтың атын пайдаланып, кәсіпкерлерден мерекеге орай пара ретінде гүлдерді сұратсын депті. Тұрысбеков істі боп отырған "Сұлтан" базарының басшысын кабинетіне шақырып, материалдарды сотқа жібермеу үшін одан төрт букет 51 раушан гүлі мен тағы 200 қызғалдақ гүлін талап еткен”,– делінген іс материалдарында.

Кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласып, мән-жайды баяндаған. Сол күні Тұрысбеков оған қоңырау шалып, гүлдердің қажеті жоқ екенін, оның орнына 250 мың теңге төлеу керегін айтыпты.

“Тұрысбеков бастығы Нұрлыбаевқа 51 қызыл раушан гүлі мен төрт букет қызғалдақ гүлін табыс етті. Түсіпхан мен Тұрысбеков өздері 51 раушан гүлі мен жеті букет қызғалдақ гүлін алған. Тағы екі қызметкер гүл шоғы пара екенін білмей алған екен. Нұрлыбаев қарамағындағылардың істерінен хабарсыз болған көрінеді”, – делінген материалда.

Сотта Түсіпхан да, Тұрысбеков те өз кінәларын мойындап, прокурормен мәмілеге келді. Пара алғаны үшін Түсіпханға 7,5 миллион теңге, Тұрысбековке 3,7 миллион теңге айыппұл салынды. Олардың әрқайсысы мемлекетке 117 550 теңгеден қайтаруы керек.

Сондай-ақ оларға өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынған.

Талқылау