"500 жылға кіргізбей қойып жүрер": Әзілкеш Нұрлан Сабыров Ресейге кіруге тыйым салынуына қатысты алғаш рет пікір білдірді

Әзілкеш Нұрлан Сабыров Ресейге кіруге тыйым салынуына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы ресейлік журналист Ксения Собчактың Telegram-арнасында айтты. Собчактың айтуынша, Сабыров Пхукеттегі концертінде өзінің жағдайын әзілге айналдырған.
"Қорғағаны үшін Собчакқа респект. Бірақ шыны керек, қорғаудың керегі жоқ. Әйтпесе 500 жылға кіруге тыйым салып тастар. Сонда концерттерді Сатурнның бесінші сақинасында өткізуге тура келеді", – деп қалжыңдаған ол.
Сондай-ақ Сабыров көрермендердің көбі оның концертіне "қылмыскерді көруге" келгенін айтып әзілдеген.
"Меніңше, концертке көпшілк “қылмыскерді” көруге келген сияқты. Менің білуімше, тіпті Зеленскийдің өзінде мұндай тыйым жоқ. 50 жылға? Мен не, Дракуламын ба?" – деді Сабыров.
Ксения Собчактың сөзінше, Нұрлан Сабыров енді өзінің стендаптары “патриоттық” бағытта болады деп әзілдеген, тіпті жұрт Владимир Соловьевті “иноагент емес пе?” деп ойлап қалуы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар ол әуежайда ұсталған сәтін де еске алып, "әр екінші полицей келіп, суретке түскісі келді" деп әзілдеген.
"Қалай десек те, оның мойымай жүргені қуантады", – деп жазды Собчак.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Кейінірек оның Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланған.
Артынша Сабыровтың Украинаға қарсы соғысып жатқан Ресейдің “Вагнер” ЖШС жауынгерлеріне 10 мотоцикл беріп, "Барлығы жеңіс үшін" қорына 2 млн рубль аударғаны туралы ақпарат тараған. Артынша Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған қатысты тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болған. Алайда Қазақстанда Нұрлан Сабыровқа қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты