Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда нәрестелер 500 мың теңгеден сатылған

сәбиФото: © freepik.com

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті адам саудасына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева Қазақстанда жаңа туған сәбилердің сатылуына қатысты жантүршігерлік фактілерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астанада өткен дөңгелек үстел кулуарында Шынар Көшербаева нәрестелерді асырап алу мақсатында сатқандарды Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша қылмыстық жауаапкершілікке тарту көзделетінін мәлімдеді.

"Жыл басынан бері осы бап бойынша 19 факт тіркелді, оның барлығы нәрестелерді асырап алу мақсатында сатуға қатысты болған. Фактілер барлық облыста, соның ішінде Алматыда да тіркелді.

Схемада бала сүйе алмайтын ата-аналар және баласынан бас тартқысы келетіндер бар. Міне, осы арада пайда табу мақсатымен сондай адамдарды іздеумен айналысатын делдалдар шығады", - деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ ол балаларды шетелге алып кету фактілері тіркелмегенін айтты.

"Бізде сататын және сатып алатын адам бірдей жауапкершілікке тартылады. 500 000 теңгеден 1- 1,5 млн-ға дейін сатқан. Мұндай жағдайлардың беті әшкереленді", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда жаңа туған нәрестелерді сату ісі бойынша сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.

Айнұр Мұхади
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 15:06
Талқылау