Қазақстандық сержант әскердегі лауазымды қызметті жарты миллион теңгеге сатпақ болған
Алматы гарнизонының әскери соты алаяқтық жасаған сержантты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Алматы гарнизонының әскери соты сержант Е-ге қатысты қылмыстық істі тараптардың татуласуына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдады.
"Е-ге алаяқтық жасау айыбы тағылған еді. Сержант Е бұрынғы танысы, әскери қызметкер Т-ға 500 мың теңге сыйақы үшін оны әскери бөлімнің бөлімше командирі лауазымына ауыстыра алатынын айтқан. Алайда шындығында, сержанттың мұндай өкілеттіктері болмаған. Т Е-ге 500 мың теңге беріп, соңында материалдық залалға ұшыраған. Сот отырысы барысында сержант Е өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өкініп, жәбірленушімен татуласқан”, – делінген ақпаратты.
Жүрегіне оқ атқан: Жетісу облысындағы әскери бөлімде жас сарбаз көз жұмды
Татуласу нәтижесінде, жәбірленуші Т сержантқа ешқандай шағымының жоқтығын мәлімдеп, қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Мемлекеттік айыптаушы тараптардың татуласуына қарсылық білдірмеді.
Сот, тараптардың пікірлері мен прокурордың қорытындыларын ескере отырып, сержант Е-ні қылмыстық жауаптылықтан босатуға және қылмыстық істі тоқтатуға қаулы етті. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салсақ, Оралда кеден қызметкері 75 миллион теңге пара алғанын жазғанбыз.