"50 жасымда алғаш рет ғашық болдым": Stan.kz TikTok жұлдызы Клара Жұмағалиеваны адам танымастай өзгертті
Әлеуметтік желіде Гүлнұр Оразымбетованың әнін орындаған ақтөбелік Клара Жұмағалиева бір күнде TikTok жұлдызы атанды. Оның автобуста қысылмай түсірген кадрлары тез тарап, тіпті елге танымал блогерлер тренд ретінде қайталап жатты. Сонымен Клара Жұмағариева деген кім? Желіде тараған әнді кімге арнайды? Көпшілік жарыса жазғандай ішімдік ішіп, балаларынан бас тартқан ана ма, әлде тағдырдың теперішін көріп, сынаққа сынбай жүрген жан ба? Stan.kz тілшісі келіншекпен тілдесті.
Клара Жұмағалиеваның жасы 50-де. Ақтөбе қаласының тұрғыны. Бірінші күйеуінен үш баласы бар. Келіншек егде жасқа келгенде шынайы ғашық болып, желідегі әнді екінші күйеуіне арнапты.
“Мен елуге келгенде жас қыз сияқты алғаш рет ғашық болдым. Қартайғанда біреуді сүйемін деп ешқашан ойламадым. Бала кезімнен ән айтқанды ұнатамын. Жүрегімдегі сезімді ән арқылы жеткіздім”, – дейді Клара.
Келіншек өз өмірін бүкпесіз айтып берді. Тіпті ащы суға әуес екенін де жасырмады. Клара 16 жасында зорлықтың құрбаны болған. Қорланған қыз “ұят” деп ойлап, зорланғанын ешкімге айта алмай, ішімдік іше бастайды. Артынша бірінші күйеуі алып қашып, 22 жыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Күйеуінің тепкісі жанына батпас үшін араққа масайып алуды әдетке айналдырған көрінеді.
“16 жасымда әкеммен бірге колледжге құжат тапсыруға барғанбыз. Кейін мені жалғыз қалдырып, өзі жұмыстарымен кетіп қалған. Мен кешке үйге жаяу бара жатқан жолда бір жігіт артымнан қалмай қойды. Сөйтіп желкемнен сүйреп қараңғы жерге апарып зорлады. Мен бұл жағдай туралы ешкімге айтпадым. Ұят қой! Абыройынан айырылған қыз кімге керек. Сөйтіп іштен тына бердім. Қайғымды ұмыту үшін сол кезде алғаш ішімдік ішіп бастадым. Кейін бірінші күйеуім мені алып қашты. Танымасам да отбасы болуға келістім. Жиырма екі жыл бірге тұрдым. Үш баламыз бар. Бірақ бақытты болған емеспін. Үйде күнде айқай-шу, ұрыс, берекеміз болмады. Қызғаныштан сабап тастайтын. Оның жұдырығы денеме батпау үшін, ішімдік ішуге мәжбүр болдым. Менің өмірімді құртты. Қазір ажырастым, бірақ араққа тәуелдімін. Бауырларым да, балаларым да менімен араласпайды”, – деп көзіне жас алды келіншек.
Клараның арманы – үш қызымен татуласып, бақытты өмір сүру. Келіншек 50 жасына дейін сұлулық салонына бармаған. Тіпті өзіне көптен бері жаңа киім алып көрмепті. Stan.kz ұжымы оның арманын орындау үшін Ақтөбе қаласынан мамандарды ұзақ іздеді. Көпшілік оның ішімдікке әуес екенін естіген бойы бас тартып жатты. Бірақ қайырымды жандар табылып, арманын орындауға жәрдемдесті.
“Мен ешқашан өзімді дәл бүгінгідей бақытты сезінген емеспін. Сіздерге үлкен рахмет! Тырнағыма қарап қуанып отырмын. Дәл осылай ешқашан бояп көрмеппін. Мен мықты әйелмін! Барлық қиындықты жеңіп шығамын. Менің бойымда Әлия Молдағұлованың қаны бар. Махаббатыммен бірге болып, бақытты әйел болуға уәде беремін!”, – дейді әйел.
Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер!

АҚШ-та ауыр жарақат алған қазақстандық дзюдошы хал үстінде жатыр: Ағасы емге 270 миллион теңге қажет екенін айтты
