"5 өңірді су басу қаупі төніп тұр": Премьер-министр республикалық жедел штаб отырысын өткізіп, шенеуніктерге тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Ол өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысып, мемлекеттік органдар басшылығы және облыс әкімдерінің қатысуымен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз қызметіне қатысты мәселелер қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысына су тасқыны қаупі бар екені туралы ақпарат берілді. Су өзендердегі деңгей көтерілмей тұрып-ақ, алдымен егістік алқаптар мен ойпаң жерлер арқылы жүруі мүмкін.
“Кез келген жағдайға дайын болуымыз керек”
Премьер-министр Олжас Бектенов Көкшетау қаласындағы жеке секторды су басу қаупін азайту жұмыстарының барысымен танысты.
“Қылшақты өзенінде арнаны тереңдету және кеңейту жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы су тасқыны кезеңінде үйлерді су басуына байланысты әкімдік “ҚазЦинк” компаниясының көмегімен жағалауды және өзен түбін нығайту жұмыстарын жүргізді. Бұл каналдың өткізу қабілетін секундына 136 текше метрге жеткізуге мүмкіндік берді. Осыған ұқсас жұмыстар Шағалалы өзенінде де жүргізілді”, – делінді жедел штаб отырысында.
Сонымен қатар жиында Ақмола облысында биыл су тасқынынан қорғау шаралары қалай жүріп жатқанын айтты.
“2025 жылғы су тасқыны сол кезде қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Ақмола облысында биыл су тасқынына қарсы іс-шаралармен барлығы 163 елді мекен және 32 жол учаскесі қамтылды. Жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Чаглинка және Жабай өзендерінің арналарын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары аяқталды, 17 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, нығайтылды”, – делінді жедел штаб отырысында.
Республикалық жедел штаб отырысында Премьер-министр су тасқыны жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін бірқатар факторға назар аударды. Олар қалың қар, күздегі жаңбырдан соң жер бетінің мұз болып қатып қалуы, топырақ қабатындағы терең тоң. Бұл ретте кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары толық жүзеге асырылмаған. Оның ішінде өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалған. Сонымен қатар елді мекендерден қарды шығару да тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.
“Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек”, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
2026 жылы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар министрлері, Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері баяндады. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, бұл өңірлерде болжамдарға сәйкес су басу қаупі сақталып отыр.
Министрліктер қандай шара қолданып жатыр?
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылғы көктемге арналған болжамдар туралы айтты.
Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстанда наурыз және сәуір айлары жылы болады. Ауа температурасы нормадан 1°С жоғары, жауын-шашын еліміздің басым бөлігінде нормадан жоғары болады. Жоғарыда аталған үш өңірден басқа, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау мен Жетісу облыстарында да қауіптер бары атап өтілді. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су тасқыны қаупі төмен.
Су нысандарындағы жағдай туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады. Республикада 1395 гидротехникалық құрылыс бар. Оңтүстік өңірлердің су қоймалары бүгінде су жинау режиміне көшті, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлердің объектілері жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде 166 шақырымнан астам өзен арналарын қамтыған іс-шаралар жүзеге асырылды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізетінін айтты. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын баяндады.
“Еліміз бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1 242 елді мекен анықталды. Су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау қызметтерінің республикалық және өңірлік топтары құрылды. Олардың жалпы саны 39 мың адамнан асады. Сонымен қатар 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар дайындалды. Барлық қызметтер жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді. Ахуал күрделенген жағдайда қажет шешімдер дереу қабылданады”, – деді Әрінов.
Төтенше жағдайлар министрінің мәліметінше, өткен жылы министрліктің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды.
“842 бірлік арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ және тағы да басқалар сатып алынды. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер тұрғызылды. 1 128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделді және жаңадан салынды. Автомобиль мен теміржол бойларында 934 су өткізу нысандары жаңадан орнатылды және ескісі ауыстырылды. Су тасқыны қаупі бар өзендердің телімдерінде шамамен 166 шақырым жерін тереңдету, 255 шақырым жағалауын нығайту, 221 шақырым жерін тегістеу және 172 шақырым арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді”, – деді Әрінов.
Премьер-министр мемлекеттік органдар басшыларының назарын Щучинск және Семей қалаларында болған оқиғаларды ескеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды.
Төтенше жағдай министрі аталған екі факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тиісті сараптамалар жүріп жатқанын баяндады.
“Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілді. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның қорытындысы бойынша осыған ұқсас оқиғалардың орын алуына жол бермеу жөнінде кешенді шаралар әзірленеді. Жарылыстың себебі тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің бұзылуы. Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында өрт басталған сәтте ол тез арада сөндірілді. Бұл адам шығынының болмауына мүмкіндік берді”, – деді Әрінов.
Олжас Бектенов министрлікке әкімдіктермен бірлесіп өрт қауіпсіздігін күшейтуді, профилактикалық рейдтер жүргізуді тапсырды.
Tasqyn жүйесі пайдалануға берілді
Жасанды интеллект вице-министрі Мәлік Олжабеков Tasqyn жүйесінде тәуекелдерді модельдеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
“Платформа президент тапсырмасы бойынша әзірленіп, өндірістік пайдалануға берілді. Өткен жылы Tasqyn жүйесінің болжамдық деректерінің сәйкес келу көрсеткіші орташа есеппен 75%. Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай облыстарының 31 елді мекенінде су тасқыны қаупі байқалады. Премьер-министр алдын алу шараларын қабылдау үшін деректерді өңірдегі әкімдіктерге беруді тапсырды”, – деді вице-министр.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ұзындығы 160 шақырым автожолдардың 229 су тасқыны қаупі бар учаскелері бақылауға алынғанын айтты.
“Учаскелерге күнделікті тексеріс жүрп, 2,5 мыңнан астам техника бекітілді. Алдын алу шараларын қабылдау үшін инертті материалдар дайындалды. Оның ішінде 40 мың м3 ірі кесек тастар, 15 мың м3 құм, 5 мың м3 қиыршық тас және тағы басқалар. Тасқын суларды өткізу үшін 45 мың су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылы 580-нен астам жаңа су өткізу құбырлары орнатылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 5 апатты көпір жөнделді”, – деді вице-министн.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады. Оның айтуынша, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында мұз қабатының қалыңдығы 4 см-ге дейін және топырақтың тереңдігі 2 м-ге дейін жетті.
Республикалық штаб отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.
- Экология министрлігі күнделікті гидрологиялық мониторинг пен ауа райы болжамын қамтамасыз етсін. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті дауылды ескертулерді шұғыл жеткізіп отырсын;
- Жасанды интеллект министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Tasqyn" ақпараттық жүйесінің әлеуетін белсенді түрде пайдалануы керек. Әрбір әкім осы жүйеде тәуекелдерді модельдеу нәтижелеріне ерекше назар аударуға тиіс;
- Су ресурстары министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларын толтыру көлемін айқындасын және оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда алдын ала және қауіпсіз су жіберу шараларын қабылдасын. Сонымен қатар шекаралас мемлекеттермен бірлесіп, трансшекаралық су айдындарында су шығындары мен қауіптердің туындауы туралы тұрақты түрде өзара деректермен алмасуды ұйымдастыру қажет;
- Көлік министрлігі жолдардың, көпірлердің және су өткізу құбырларының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін:
- Өңір әкімдіктері су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды алдын ала шығару керек. Бұл жұмыс тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуге тиіс. Барлық су тасқыны қаупі бар елді мекендердің айналасын топырақ үйінділерімен және арнайы бөгендермен бекіту қажет. Тиісті азық-түлік, жанар-жағармай материалдары, дәрі-дәрмек қорын және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, әсіресе көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерде қамтамасыз ету керек. Қажет болса өзендерде мұз жару жұмыстарын жүргізсін. Сондай-ақ еріген қар суына қарсы инертті материалдар дайындалуы тиіс:
- Төтенше жағдайлар министрлігіне азаматтық қорғау күштері мен құралдарының шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Құтқару топтарын тарту, оның ішінде әуе кемелері арқылы тасымалдау алгоритмдерін жаңарту қажет. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда азаматтарды дер кезінде эвакуациялау мәселелерін пысықтау керек. Адамдарды орналастыруға арналған эвакуациялық бекеттер мен техниканың әзірлігін тексеру тапсырылды.
Жиын барысында премьер-министрге “Қазақтелеком” АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылған аумақтарды қашықтықтан мониторинг жүргізуге арналған “Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы” жобасы таныстырылды. Атбасар ауданының мысалында су тасқыны кезінде дрондарды пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген