Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 қойма анықталды": Астанада хош иістендіргіштер мен вейптерді заңсыз сатқандар іздестіріліп жатыр (видео)

вейптер сақталған 5 қойма анықталды

Фото: Видеодан скрин

Астана бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті электрондық тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымын жүргізген ірі көтерме желінің қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заңсыз бизнеспен айналысқандар вейптерді, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды Қазақстанның барлық өңірлеріне Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы таратқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма анықталды. Тінту барысында 490 мыңнан астам вейп тәркіленді, олардың сатылымынан түсетін кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді.

“Бұдан бөлек, күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банктік карталар өз атына ресімделген адамдарды, яғни дроперлерді пайдаланған. Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады”, – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті.

Соттың санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікке тыйым салынды. Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланып, олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестіріліп жатыр.

Аталған іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 15 Тамыз, 2025 10:42
Талқылау