5 айлық баладағы қанқұрт пен 82 тіс: Аймағамбетов медициналық сақтандыру бойынша "емделудегі" олқылықтарды атады
Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС қорынан көбірек қаржы алу үшін емханалар көрсетілген қызметтер санын негізсіз көбейтіп, есеп беретінін айтады.
“Қараңыздар, үш мысал келтірейін. МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір кейіс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен "қосып жазуға" итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес”, – деді ол.
Аймағамбетовтің сөзінше, қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың "заңды" жолы дейді
“Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады. "Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?" деген ойда қаласың”, – деп қосты депутат.