46 кеншінің өлімі: Костенко шахтасындағы апатқа қатысты сот үкімі шықты
Фото: Google Maps/Александр Ханнанов
Қарағандыда 46 кеншінің өліміне әкелген Костенко шахтасындағы апатқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыпталушылар қатарында шахта басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қоса алғанда, он адам бар. Тоғыз айыпталушы қамауда отырса, біреуі – елден кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
Күдіктілерге қылмыстық кодекстің “екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” бабы бойынша айып тағылған.
Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, келесі жазаларды тағайындады:
- Шахта директоры Сергей Мустивко – 8 жылға бас бостандығынан айыру;
- Шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Ерёмин – 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Бас инженер Николай Грознов – 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- №6 учаске бастығы Виктор Коптенков – 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Техникалық қызметтің қазу жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Гонноченко – 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру;
- Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренко – 6 жылға бас бостандығынан айыру;
- Бас механик Дмитрий Коцар – 6 жылға бас бостандығынан айыру;
- Учаске бастығының шаң-жарылысқа қарсы қорғау жөніндегі көмекшісі Виталий Пестряк – 6 жылға бас бостандығынан айыру;
- Конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушев – 5 жылға бас бостандығынан айыру;
- Желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Владимир Шишканов – 5 жылға бас бостандығынан айыру.
Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншіге ескерткіш орнатылды
46 кеншінің өліміне себеп болған Костенко атындағы шахтада болған жарылыстың себебі аталды
Сот процесі Қарағандыдағы тергеу изоляторының спорт залында өтті. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші болып танылған.
Сот барысында прокурорлар айыпталушыларға 46 кеншінің өліміне және 20-дан астам адамның мүгедек болуына әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ең жоғарғы жаза мерзімін тағайындауды сұраған еді.
Еске салсақ, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағандыдағы Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапқан еді. Апатты тексерген үкіметтік комиссия жарылыстың конвейерлердің біріндегі үйкеліс әсерінен пайда болған механикалық ұшқыннан болғанын анықтап, 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі деп тапты.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
