Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне 6 миллион 406 мың теңге табады": ТОП-10 қазақстандық шенеуніктердің бай әйелдері

Фото: Stan.kz | Cерік Жұманғариннің жары Сәния Садықова / Ерболат Досаевтың жары Гүлнар Досаева / Бақытжан Базарбектің жары Адель Адилова / Алексей Цойдың жары 

Елімізде 2024 жылға жарияланған декларациялар шенеуніктердің емес, олардың жұбайларының табысы көп талқыға түсті. Бірі құжатта "нөл" көрсетсе, енді бірі миллиондап табыс тапқан. Мәселен, Серік Жұманғариннің жұбайы 88 млн теңге тапқаны кейін белгілі болды. Ең қомақты табыс Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаеваға тиесілі, 2,3 млрд теңгеден асады. Ал ең төмен көрсеткішті сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов пен жұбайы Мәдина Мұңайтбасова көрсеткен. Олар небәрі 450 мың теңгемен шектелген. Stan.kz 2024 жылғы декларациядағы деректерді негізге алып, табыс көлемі ең көп талқыға түскен шенеуніктер жұбайларының Tоп-15 тізімін жасады.

Қаңтар айының басында министрліктер мен Ақордаға қарасты бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар өздерінің және жұбайларының кірістері туралы декларацияларын жариялады. Бірден атап өту керек, шенеуніктер жариялаған декларациялар тек 2024 жылға қатысты. Оның өзінде ашықтық біркелкі емес. Бір шенеуніктің жұбайы төлеген салық көлемі толық көрсетілсе, енді бірі тек өзінің табысымен ғана шектелген. Өкінішке қарай, негізгі мәселе – ұсынылған деректердің толық емесінде.

Декларацияларда министрлер мен олардың жұбайларының негізгі жалақысы көрсетілмейді. Құжаттарда тек мүлік сату-сатып алуынан, бағалы қағаздардан, инвестициялардан және өзге де активтерден түскен қосымша табыстар ғана қамтылған. Демек, бұл мәліметтер арқылы шенеуніктердің нақты қанша жалақы алатынын анықтау мүмкін емес.

Сонымен қатар, есеп тапсырғандардың саны да шектеулі. 30 желтоқсанда декларациялар Ақорда, Сыртқы істер министрлігі, Қаржы министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Сауда министрлігінің ресми сайттарында жарияланған. Солардың ішінде ең мазмұнды әрі салыстыруға келетін деректер Ақорда мен Сыртқы істер министрлігіне тиесілі болып шықты.

Әдеттегідей, қоғамның назарын шенеуніктердің өз табысынан гөрі олардың отбасы мүшелерінің, нақтырақ айтқанда жұбайларының кірісі көбірек аударды. Себебі министрлер мен елшілердің басым бөлігі декларацияда өз табысын "нөл" ретінде көрсеткен. Шағын рейтингке тек Ақорда қызметкерлері мен Қазақстан елшілерінің жұбайлары ғана енгізілді. Ал вице-министрлердің көпшілігінің декларацияларында олардың жұбайларына тиесілі қосымша табыс мүлде көрсетілмеген.

  1. Рейтингтің көш басында Гүлнар Досаева тұр. Ол Алматының бұрынғы әкімі, ал қазір Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып отырған Ерболат Досаевтың жұбайы.

2024 жылы оның табысы 2 миллиард 338 миллион теңгеден асқан. Дегенмен оның көрсеткіштері ешкімді таңғалдыра қоймас. Себебі Гүлнар Досаеваның бірнеше ірі бизнес жобалардағы үлесі бар екені ресми түрде белгілі. Ал оның күйеуі декларацияда небәрі 14 миллион теңгеден сәл ғана асатын қосымша табыс көрсеткен. 

Фото: Stan.kz

Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева Қазақстандағы люкс санатындағы киім, аяқкиім және аксессуарлар сататын ірі компаниялардың бірі G&G Glamour компаниясының тең иесі. Компания ауқатты клиенттерге қызмет көрсетіп, ел аумағында MaxMara, Fendi, Marina Rinaldi, Sergio Rossi, Simonetta Ravizza, Weekend MaxMara сынды халықаралық брендтердің ресми өкілі болып тіркелген.

Бизнестің табысты екені салық көрсеткіштерінен-ақ байқалады. Салық органдарының мәліметінше, 2025 жылы G&G Glamour мемлекеттік бюджетке 1,5 миллиард теңгеден астам салық аударған. Сонымен қатар компания бизнес-орталықтар мен әкімшілік ғимараттарды жалға беру қызметімен айналысатын KDK FASHION ЖШС-нің құрылтайшыларының қатарында.

Бұған қоса, Гүлнар Досаева "Жалтырбұлақ" алтын өндіру компаниясының акционерлерінің бірі ретінде көрсетілген. Ал Forbes.kz дерегіне сенсек, ол экономиканың бірнеше стратегиялық саласында жұмыс істейтін Lancaster Group холдингінің де акционерлері қатарында бар.

Инфографика: Stan.kz

  1. Серік Жұманғариннан бөлек кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер жұбайларының немен айналысатынын жасырмайтыны көрінді. Себебі ұлттық экономика министрлігіне қатысты жағдай қоғамда ерекше күмән тудырды. Ведомство басшысы Серік Жұманғарин мен оның орынбасары Асан Дарбаевтың декларацияларында табыстың нақты иесін ажырату мүмкін болмаған. Түсінбестік үшін ол министрлік өкілдеріне арнайы түсіндірме беруге тура келді. Кейін белгілі болғандай, декларацияда көрсетілген 88 миллион теңге Жұманғариннің өзіне емес, Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықоваға тиесілі табыс болып шыққан.

Ол бағалы қағаздар нарығына инвестиция салу арқылы (алынған дивидендтер мен сыйақылар есебінен) 88,7 миллион теңге табыс тапқан. Өзге кіріс көздері көрсетілмеген. Ұлттық экономика министрлігі Forbes.kz-ке берген түсініктемесінде Серік Жұманғариннің жалақысынан басқа қосымша табысы жоқ екенін арнайы атап өтті.

Айта кетейік, бұл министрдің атына байланысты туындаған алғашқы дау емес. 2023 жылдың ақпанында Серік Жұманғарин отбасына тиесілі он пәтер жөніндегі ақпаратқа түсініктеме берген еді. Ол кезде бірқатар интернет-басылымдар Ақтөбеде жалпы құны шамамен бір миллион доллар болатын 10 пәтер шенеунікке сыйға берілгені туралы жазған. Жұманғарин бұл мәліметтерді "жала жабу және деректерді бұрмалау" деп ақталды.

Министрдің айтуынша, аталған пәтерлер ешқандай сыйлық емес, 1990-жылдары өзі құрған бизнес құрылымдары арқылы салынған. Ол мемлекеттік қызметке тек 35 жастан кейін келгенін, оған дейін кәсіпкерлікпен айналысқанын алға тартты. Алайда 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс салдарынан құрылыс тоқтап, нысандар бірнеше жылдан кейін ғана аяқталған. Сөйтіп, нарықтағы сұраныстың өзгеруіне байланысты ірі пәтерлер өтпей қалған. Соның салдарынан олар компания балансында тұрып, жоғары салық жүктемесін тудырған.

Фото: Stan.kz / Серік Жұманғарин және әйелі Сәния Садықованың фотосы (желідегі құрбысының парақшадан алынған)

Осы себепті 2016 жылы аталған пәтерлер салықты оңтайландыру мақсатында жеке тұлға ретінде Жұманғариннің атына рәсімделген. Министр бұл шешімде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол жылжымайтын мүлік пен өзге де активтердің барлығы жыл сайын тапсырылатын декларацияларда көрсетілетінін айтып отыр. Жалған ақпарат таратқандарға қатысты сотқа жүгінетінін де ескертті.

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

  1. Ал Асан Дарбаевтың декларациясына қатысты мұндай ресми түсіндірме болмаған. Мұнда Асан Дарбаевтың жұбайы Гүлнұр Дарбаеваның табысы да қомақты деуге болады. Ашық дереккөздерге сәйкес, 2024 жылғы есепті кезеңде ол 69,6 миллион теңге табыс тапқан.

Гүлнұр Дарбаева Астанада тіркелген "Дарбаева" жеке кәсіпкерлігінің басшысы әрі иесі болып саналады. Кәсіпорын 2022 жылғы 18 ақпанда тіркелген және нарықта төрт жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Меншік нысаны жеке, кәсіпкерлік субъектісі шағын бизнес санатына жатады, қызметкерлер саны бес адамға дейін деп көрсетілген. Гүлнұр Дарбаева жүк және жеңіл автокөліктерді, сондай-ақ тұрғын үй жылжымайтын мүлкін жалға беру саласында кәсіпкерлікпен айналысады. Ол Астана қаласының Нұра ауданында тіркелген. 

Adata.kz мәліметінше, ол фитнес-клубтар қызметімен айналысатын "IRIS-A" ЖШС-нің құрылтайшылары құрамына кіреді. Алайда компанияның салық төлемдері туралы деректер көрсетілмеген.

Фото: Stan.kz

Сонымен қатар оның тегі 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Air Astana компаниясының аффилирленген тұлғалар тізімінде көрсетілген. Отбасының негізгі қаржылық белсенділігі вице-министрдің өзінен емес, жұбайының бизнесі арқылы қалыптасып отыр.

Фото: kompra.kz

  1. Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев декларациясында жұбайының 2024 жылы 48 миллион теңге табыс тапқанын көрсеткен. Көрсеткіш бірден назар аудартпай қоймайды. Әңгіме іскерлік әрі қоғамдық ортада танымал тұлға Мадина Бектұрғанова туралы болып отыр.

2025 жылдың наурызында Мадина Бектұрғанова Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (МУИТ) ірі акционерлерінің қатарына қосылды. Ашық деректерге сәйкес, оған оқу орны акцияларының 10%-дан астамы тиесілі. Бұдан бөлек, Мадина Бектұрғанова Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясын басқарады, Астана әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, әрі IFAGG халықаралық санаттағы төреші ретінде жұмыс істейді.

Фото: Stan.kz

  • 2019 жылы Бектұрғанова өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын "Ақылтас" ЖШС-нің құрылтайшылары құрамына кірді. Компанияның осы уақытқа дейін төлеген салық көлемі – 140 млн теңге.
  • 2014 жылдан бері ол "Aldina CO" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы болып табылады (негізгі қызмет бағыты: компьютерлерді және т.б. тауарларды көтерме саудада сату). 2015 жылдан бергі жалпы салық көлемі – 24 млн теңге.
  • 2014 жылғы сәуірден 2026 жылғы 5 қаңтарға дейін Бектұрғанова "Алан" гимнастика академиясы" ЖШС-нің құрылтайшылары құрамында болған (қазіргі таңда серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы – Томирис Есекеевa, болжам бойынша оның қызы). 2015 жылдан бері бұл ЖШС 210 млн теңге салық төлегенСол 2014 жылы Бектұрғанова "Спорттық гимнастикалық кешен" ЖШС-ін құрды (қызмет түрі: спорттық нысандарды пайдалану). Барлық уақыттағы салық көлемі – 1,6 млн теңге, әрі 2024 жылға дейін төлемдер нөлге тең болған
  • 2024 жылға арналған аудиторлық есепке сәйкес, Мадина Бектұрғанова "NNEF" қоғамдық қоры (бенефициарлары – Динара Құлыбаева, Галина Самарская) және Бауыржан Сағдиевпен (бұрынғы білім және ғылым министрі Ерлан Сағдиевтің жиені) бірге "Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті" АҚ-ның (МУИТ) акционерлері қатарында көрсетілген. Оның оқу орнындағы үлесі 10%. Университеттің 2015 жылдан бергі салық аударымдарының жалпы сомасы – шамамен 9 млрд теңге.

Мәліметтер ашық реестрлерде көрсетілген. Ең қызығы, көп шенеуніктердің жұбайлары секілді тасада қалуды таңдамаған. Мадина Бектұрғанова, керісінше, ашық өмір салтын ұстанады. Әлеуметтік желіде белсенді, жұмыс процесін көрсетеді, халықаралық спорттық жарыстардан фото-видеоларды жиі жариялап отырады.

  1. "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Багдат Мусин декларацияда табысын “нөл” деп көрсеткенімен, оның отбасындағы қаржылық белсенділік мүлде басқа картинаны аңғартады. 2024 жылғы есеп бойынша жұбайы Дина Ауғанбаева-Мусина 35,5 миллион теңге табыс тапқан.

Фото: Stan.kz

Ашық деректерге сенсек, Дина Ауғанбаева-Мусина ақпараттық технология және сервис бағытындағы бірнеше компаниямен байланысты. Оның ішінде жұбайы 2025 жылы тіркеген "BeInTech Kazakhstan Ltd" холдингтік компаниясы бойынша салық төлемі жоқ деп көрсетілген. Бірақ дәл осы құрылымның еншілес ұйымы "BeInTech" ЖШС 2019 жылдан бері 109 миллион теңгеден астам салық төлеген.

Бұдан бөлек, ол 2020 жылдан бастап "Naimi.kz" ЖШС-нің құрылтайшылары қатарында. Бұл сервис Freedom экожүйесінің бір бөлігі ретінде аталады. Компанияның 2015 жылдан бергі салық көлемі шамамен 260 миллион теңгеге жуық, ал 2024 жылы ғана 66 миллион теңге тіркелген.

Сонымен бірге 2021 жылдан бері Дина Ауғанбаева-Мусина "Imbir group" ЖШС-не жалғыз өзі иелік етеді. SPA-салон ретінде тіркелген бұл кәсіп 2017 жылдан бері 186 миллион теңге салық төлеген, оның 100 миллион теңгеден астамы 2024 жылға тиесілі. Ал жеке кәсіпкерлігі де бар: негізгі қызметі интеллектуалдық меншік өнімдерін лизингке беру. Бұл бағыт бойынша 2019-2022 жылдары 15 миллион теңге шамасында салық төленген.

 

  1. Тізімде қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтың жұбайы Майра Қожатай та бар. Алайда ведомство орынбасары өз декларациясында табысын көрсетпеген, ал жарынікі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 34 миллион теңге табыс тапқанын мәлімдеген. Табыс көзі кәсіпкерлік қызмет. Майра Қожатай Алматыда тіркелген "Қожатай" жеке кәсіпкерлігінің басшысы әрі иесі.

Фото: Stan.kz

Кәсіпкерлік 2013 жылы рәсімделгенімен, мемлекеттік дерекқорлар бойынша нақты қызмет 2017 жылдан бастап жүргізілген. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік (ИП) мәртебесі белсенді. Негізгі бағыты сағаттар мен зергерлік бұйымдарды бөлшек саудада сату болып тіркелген. Кәсіпорын шағын бизнес санатына жатады, заңды мекенжайы Алматы қаласының Жетісу ауданында орналасқан.

Фото: Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан

  1. Ал мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы Адель Адилованың табыс көзі ашық дереккөздерде көрсетілген. Ол Алматы қаласында тіркелген "Wealth Kapital" ЖШС басшысы деп тіркелген. Компания 2013 жылы тіркелген, қызмет бағыты – кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер көрсету.

Серіктестікте бес адамға дейін қызметкер бар, меншік нысаны – жеке. Заңды мекенжайы Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан. Statsnet.co деректеріне сәйкес 2025 жылы серіктестіктің болжамды жылдық айналымы 26,2 миллион теңге болған. Осы кезеңде бюджетке төленген салық көлемі 2,3 миллион теңгеден асқан. Компания қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелмеген. Осылайша, мәжіліс депутатының жұбайының табысы кәсіпкерлік қызмет арқылы қалыптасып отырғаны ресми деректермен расталады.

Фото: Stan.kz

Дегенмен былтыр қараша айында қоғамның есінде ерекше жағдай еске қалды. Онда депутаттың жұбайы, кәсіпкер Адель Адилова әлеуметтік желіде Астанадағы қызметтік пәтерін көрсетіп, депутаттар да "қарапайым жағдайда өмір сүретінін" дәлелдеуге тырысқан. Алайда желі қолданушылары бұл уәжге сенбеді. Видео кадрларынан тұрғын үй кешенін танып қойғандар оның депутаттарға арналған "Нұрсая-1" кешені екенін атап өтті. Ескі жиһаз көрсетілген ролик те күмәнді күшейтті. Көпшілік мұны әдейі жасалған көрініс деп қабылдады. Кейін Бақытжан Базарбек бұл видеоны жұбайының өзі түсіргенін растады. Оның айтуынша, депутаттық үй ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген, жиһазы ескірген әрі жарамсыз күйде. Керісінше, депутат журналистерді пәтерді өз көздерімен көруге де шақырды.

  1. Келесі қатарды Жанар Келімбетова еншілеп тұр. Ол бұрынғы вице-премьер әрі елорда әкімі, қазір Қазақстанның Эстониядағы елшісі болып қызмет атқаратын Алтай Күлгіновтің жұбайы. Оның 2024 жылғы табысы 16,9 миллион теңге болған.

Фото: Stan.kz

Ал елшінің өз декларациясында қосымша табыс мүлде жоқ. Жанар Келімбетова Астанада тіркелген "Смарт Сервис" жеке кәсіпкерлігін басқарады. Тексеру кезінде кәсіпорынның мәртебесі белсенді, қызметінде қандай да бір проблема белгілері анықталмаған. Кәсіпкерлік шағын бизнес санатына жатады, қызметкерлер саны бес адамға дейін.

Жеке кәсіпкерлік 2019 жылғы 19 наурызда тіркелген және алты жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі қызмет бағыты – мамандандырылған дүкендерде сауда алаңы 2000 шаршы метрден аспайтын азық-түлік өнімдерін бөлшек саудада сату. Қосымша қызмет түрі ретінде демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру көрсетілген. Жеке кәсіпкерліктің заңды мекенжайы Астана қаласының Алматы ауданында орналасқан.

  1. Бұдан кейін тізімді Қытайдағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышевтің жұбайы Әлия Нұрышева жалғады. Ол 2024 жылы 12,3 миллион теңге табыс тапқан. Ал дипломаттың өз кірісі декларацияда нөл ретінде көрсетілген.

 Фото: Stan.kz

  1. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов жұбайы Жібек Тұрысовамен бірге жиынтық табысы 6,8 миллион теңге екенін көрсеткен. Ашық дереккөздердегі декларацияға сәйкес, есепті кезеңде бұл табыс негізінен жұбайының кәсіпкерлік қызметінен түскен.

Фото: Stan.kz

Жібек Тұрысова Астанада тіркелген Smart Kyzmet жеке кәсіпкерлігінің басшысы әрі иесі. Кәсіпорынның мәртебесі белсенді, меншік нысаны жеке. Бизнес шағын кәсіпкерлік санатына жатады, қызметкерлер саны бес адамға дейін. Тіркеу деректерінің өзектілігі 2026 жылғы 6 қаңтардағы жағдай бойынша расталған. Жеке кәсіпкерліктің негізгі қызмет бағыты – тұрғын үйді қысқа мерзімге жалға беру, оның ішінде демалыс күндері мен уақытша тұру қызметтері. Кәсіпорынның заңды мекенжайы Астана қаласының Байқоңыр ауданында орналасқан.

  1. Ал көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен оның жұбайы Нұргүл Ластаева 5,3 миллион теңге табыс көрсеткен.

Декларацияға сәйкес, негізгі кіріс жұбайының кәсіпкерлік қызметіне тиесілі.

Фото: Stan.kz

Нұргүл Ластаева Астанада тіркелген Rich жеке кәсіпкерлігін басқарады. Кәсіпорынның мәртебесі белсенді, тіркелуі 2016 жылға тиесілі болғанымен, нақты қызмет 2023 жылдан басталған. Бизнес шағын кәсіпкерлік санатына жатады және азық-түлік өнімдерін бөлшек саудада сатумен айналысады. Жеке кәсіпкерлік мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған, аффилирленген компаниялар анықталмаған. Алайда сот дерекқорларында 2018 жылы мүліктік жалдау шарттарына қатысты екі азаматтық істің болғаны тіркелген. Екі жағдайда да талап арыздар қанағаттандырылған. 

Бұдан бөлек 2018 жылдан 2025 жылғы 28 қазанға дейін (компания таратылған күн) ол "Lucky A" ЖШС-нің құрылтайшысы әрі басшысы болған (қызмет түрі азық-түлік өнімдерін, сусындар мен темекі бұйымдарын бөлшек саудада сату болған). 2018 жылдан бері серіктестік жалпы 896,7 мың теңге салық төлеген, оның өзі 2019 және 2020 жылдары ғана аударылған. Қалған жылдары төлем көлемі нөлге тең. Сонымен қатар 2016 жылы Ластаева жеке кәсіпкерлік ашып, мамандандырылған дүкендерде азық-түлік өнімдерін бөлшек саудада сатумен айналысқан.

Кениядағы елші Барлыбай Садыков 3,3 миллион теңге табысын декларацияласа, Франциядағы елші Гүлсара Арыстанқұлова 2,6 миллион теңге табыс көрсеткен.

Фото: Stan.kz

Фото: Stan.kz

  1. Сонымен қатар тізімде Ирандағы Қазақстан елшісі Оңталап Оналбаевтың жұбайы Светлана Балқыбаева төбе көрсетті. Оның жылдық табысы небәрі 1,1 миллион теңгеден сәл асады.

Көрсеткіш рейтинг көшбасшысымен салыстырғанда шамамен екі мың есе аз. Елшінің өзі де қосымша табыс көрсетпеген.

Фото: Stan.kz

  1. Экс-денсаулық сақтау бұрынғы министрінің, қазір Президенттің кеңесшісі Алексей Цой жұбайы Жанна Валентиновна 2024 жылы декларацияға сәйкес 1 миллион теңге табыс тапқан.

Фото: Stan.kz

Ал қолжетімді ең соңғы ашық ақпаратқа сенсек, 2019 жылы ол Қазақстанның Даму Банкідегі бағалы қағаздарды бағалау департаментінің директоры қызметін атқарған және мемлекеттік наградаға ие болған. Алайда қазір Жанна Валентиновна қандай салада немесе қандай қызметте жұмыс істейтіні, бұрынғы қызметімен байланысы бар ма аталғандар туралы жаңартылған мәлімет ашық дереккөздерде жоқ. Сондықтан оның қазіргі қызметі нақты анықталмаған.

Басқа да шенділерлердің әйелдері келесі қатарды жалғады. Ол орын екі адамға бірдей берілді. Себебі олардың табысындағы айырмашылық бар-жоғы 1550 теңге ғана.

Фото: Stan.kz

Олар Швециядағы Қазақстан елшісі Олжас Сүлейменовтің жұбайы Жанар Примбетова және Солтүстік Македониядағы елші Сатыбалды Бұршақовтың жұбайы Майра Каракешова. Біріншісінің табысы 26 550 теңге болса, екіншісінікі 25 000 теңге. Алайда елшілердің өз декларациялары айтарлықтай ерекшеленеді. Сүлейменов нөлдік көрсеткіш көрсетсе, Бұршақов 875 мың теңге табыс тіркеген.

Фото: Stan.kz

  1. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов пен жұбайы Мадина Мұнайтбасова бар болғаны 450 мың теңге ғана көрсеткен.

Бұл министрлік басшыларының отбасылары арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Алайда ашық дереккөздер бұл мәліметтің күмән тудыратынын аңғартады. Мадина Мұнайтбасова 2025 жылдың шілде айына дейін фитнес-клубтармен айналысатын "Insight Motion" ЖШС-нің иесі болған.

Фото: Stan.kz

Компанияның қаржылық көрсеткіштері декларациядағы жеке табыспен мүлде қабыспайды. Мәселен, 2023 жылы бұл ЖШС мемлекет бюджетіне шамамен 1,3 млрд теңге салық төлеген.

Фото: kompra.kz

Ал 2024 жылы кенеттен бұл сома небәрі 344 мың теңгеге дейін қысқарған. Бұл деректер Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтерінде көрсетілген.

STAN.KZ
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 18:35