"Сол себепті сапасыз үйлер салынады": Qazaq Stroy жұмысшылары еңбекақысын бірнеше айдан бері ала алмай жатқанын айтып, шағымданды
Әлеуметтік желіде Qazaq Stroy компаниясы құрылыста жұмыс істеп жүрген тәжік азаматына 5 айдан бері айлық бермей жатқаны туралы видео тарады. Шетелдік азамат қазір Алматыда танысының шақыртуымен келгенін және сол арқылы айлық алып жүргенін айтты. Қоғам белсендісі Назарбек Әбдібеков видеосында бұл мәселеге қатысты шара қолдануды сұрады. Stan.kz тілшісі құрылыс компаниясына хабарласып, жағдайдың анық-қанығын сұрап білді.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған / Хусейн Якубов пен Назарбек Әбдібеков
Видео Kozachkov телеграм арнасында жарияланған.
“Qazaq Stroy-да таяу шетелден келген жігіттер жұмыс істейді, бірнеше ай ақшасыз отырады. Сондықтан тұрғын үй сапасы да сын көтермейді”, – деп жазған автор.
Тәжікстандық Хусейн Якубов Алматыдағы құрылыс жүріп жатқан Абай-Түркебаев қиылысындағы Crystal кешенінде жұмыс істейтінін айтты. Алайда ол 5 айдан бері айлығын ала алмай жүр. Ер адамның айтуынша, олардың бригадирлері құр уәде беріп, техникалық жабдықтарды сатып алуға қаражат жетпейтінін айтып, сылтауратқан.
Видеокадрда Назарбек Әбдібеков Хусейннен неліктен бригадирлер еңбекақысын бермей жатқанын сұрады.
"Құрылыс нысанының аға бригадирлері – Ғайрат пен Бигзад. Бигзад мені жұмыс істеуге шақырды. Үйлердің бірінші және үшінші блоктарын жөндеп қойдық. Енді осы жөнделген жұмыстың ақысын бермей жатыр. Қазір олар маған 4,5 миллион теңге берешек. Бригадирлер де оларға компания еңбекақыларын төлемей жатқанын айтады. Бірақ сенбеймін. Себебі бір күні олар техникалық жабдықтарға ақша жетпей жатыр деп айлық күнін кідірткен", – деді жалдамалы жұмысшы Хусейн.
Қазір Хусейн қарызға белшесінен батқан. Өзі несие төлеп, балаларының мектепке баруына қажет құрал-жабдық алып беруі керек.
"Күнде, күнде еңбекақымды сұрап, күтуден шаршадым. Не істерімді білмеймін. Адами тұрғыдан алып қарағанда әркімнің өз проблемасы басынан асып жетерлік. Мұнда жұмыс істеп, мәселелерімді шешу үшін келдім", – деді зардап шеккен құрылысшы.
Назарбек Әбдібеков егер компания кері байланысқа шықпаса, осы видеоны жариялайтынын ескертті.
"Ағамызға қолдау көрсетейік. Бәлкім, Қазақстан көші-қон полициясын шақыру керек шығар деп ойлаймын. Ертең бұл ер адамға бірнәрсе болып қалса немесе басқа жерге алып кетсе, осы мәлімдесін еске алыңыздар. Бұған кімнің қолы баратыны түсінікті шығар?" – деді қоғам белсендісі видеода.
Сонымен қатар ер адам Хусейннен оның Қазақстанда заңсыз қызмет істеп жүрген-жүрмегенін сұрады.
"Еңбекшарты жасалмағандықтан, өз құқығымды қорғай алмай жатырмын. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 1,5 жылдан асты. Мұндай келеңсіз жағдай болмаған еді. Өйткені жалақымызды уақытылы жіберіп тұратын. Біраз уақыттан соң айлық қысқарып, ұстала бергеннен кейін жұмысшылардың көбі кетіп қалды. Соңына дейін 5-6 адам ғана жұмыс істеуге қалды. Ақыр соңында олар да шыдамай, кетуге мәжбүр болды. Қазір жалғыз қалдым", – деп жауап берді Хусейн.
Туындаған мәселеге қатысты Qazaq Stroy компаниясының ресми өкілінен жауап алдық.
"Видеода көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жарияланған видео 2024 жылдың 19 тамызында және биыл 22 тамызда түсірілген. Видео авторы Назарбай Әбдібеков Хусейн Якубовпен бірге Qazaq Stroy компаниясының кеңсесіне келді. Компанияның басты мердігері – "Алғастрой" ЖШС. Мұнда Якубов жұмысына ақы төлеу тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Тараптар келісімге келді, мәселе реттелді. Ал Әбдібеков "Qazaq Stroy" компаниясына ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ "Qazaq Stroy" компаниясының "Алғастрой" ЖШС алдында қарызы жоқ екенін хабарлаймыз", – деп түсіндірді Qazaq Stroy компаниясы.