Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"400 мың теңгеге жұмысқа кіргізген": Жамбыл облысында пара алған бас онколог айыппұлмен құтылып кетті

Таразда қалалық медициналық онкологиялық диспансердің басшысы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараз қаласының №2 сотында қалалық медициналық онкологиялық диспансердің басшысына қатысты үкім шықты. Оған сыбайлас жемқорлық қылмысы, атап айтқанда жұмысқа орналасу үшін пара алды деген айып тағылып отыр.

2023 жылдың мамырында әйел онкологиялық диспансерге медбике болып жұмысқа орналасу мақсатымен жүгінген. Әңгімелесу барысында онкология басшысы газет бетіне "400 000 теңге" деп жазып, сол соманы берсе, кіргізетінін айтқан. Әйел анасынан қарызға ақша алып, онкология бастығына кеңседе тапсырған.

Мекемеде бір жарым жыл жұмыс істеген әйел әріптестерінің ескертулеріне байланысты өз еркімен жұмыстан кеткен.

Кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ер адамды пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арызбен хабарласқан.

"2024 жылдың желтоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері қылмыстық әрекетті әшкерелеген әңгімелерді жазып алған. Сотталушы А пара алғаны үшін сотталды", – делінген сот хабарламасында.

Ол соманың жартысын әйелге қайтарды.

Прокурор оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот сотталушының кінәсін дәлелдеп, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды. Параның 30 еселенген сомасы, яғни 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салуға үкім етті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау