Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"400-ге жуық адам жұқтырған": Ресейде коронавирустың жаңа штаммы белең алды

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы белең алды

Фото: Ru.freepik.com

Ресейде жаңа SARS-CoV-2 коронавирусының XFG штаммын (Стратус) жұқтырғандар саны артып келеді. Роспотребнадзор бұл инфекция бұрынғы түрлеріне қарағанда жылдам тарайтынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресейде тарап жатқан XFG штаммы тез тарағанымен көбіне жеңіл түрде өтеді. Роспотребнадзордың мәліметінше, қазір 384 жағдай анықталды. Ведомство басшысы Анна Попова “Стратус” штамымен жұқтыру жағдайлары күн сайын өсіп жатқанын хабарлады.

“Олардың саны 300-ге жеткен, одан 384 болды, алдағы уақытта бұдан да көп болады”, — деді Анна Попова.

Вирус жұқтырған науқастарда мынадай белгілер байқалады: жөтел, тамақтың ауруы, дауыс қарлығуы немесе қырылдауы, тұмау, бас ауруы, жалпы әлсіздік пен шаршағыштық, сондай-ақ бұлшықеттердің сырқырауы. Ерекше белгілердің бірі – дауыс қарлығуы. Әдетте инфекция асқынуларға әкелмейді. 

Анна Попова коронавирус геноварианттарының әрқайсысы вирусқа тіршілік етуге және эволюциялануға мүмкіндік беретін ерекше қасиеттерге ие болатынын атап өтті. Сонымен қатар инфекцияның салдары әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан алдын алу шараларын сақтап, күтіну керегін ескертті.

“Ресейде “Стратус” штаммын алғаш рет жұқтыру жағдайы 2025 жылы 24 сәуірде тіркелген, ал әлемде алғаш рет бұл вирус биыл 27 қаңтарында Канадада анықталған. Шілде айының соңына қарай Ресейде 114 расталған жағдай тіркелді. Аурудың 54%-ы Мәскеуге тиесілі болды, қалғаны Мәскеу, Магадан, Свердлов және Ленинград облыстарында тіркелді”, – деп мәлімдеді Роспотребнадзор.

Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі жаңа штаммның бақылауда екенін айтып, алаңдауға негіз жоқ деп сендірді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 09:22
Талқылау