Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"40 мыңға күн көру мүмкін емес": Түркістан облысында мүгедек жандар мемлекеттен жәрдемақыны көтеруді талап етті

Түркістан облысының Кентау қаласында бірінші топтағы мүгедек жандар қордаланған мәселелерін билікке естірту үшін жиналып көшеге шықты. Қаланың үлкен торабында жиналғандар, мемлекеттен төленетін 69 мың жәрдемақыны көтеруді талап етті. Айтуларынша, қазіргі қымбатшылықта мұндай жәрдемақыға күн көру мүмкін емес. Ал қоғамдық жұмыстар үшін төленіп келген 85 мың теңге керісінше қысқарып, 55 мың теңге болып қалған. Бұл бағаның шарықтап отырған шағында бізге ауыр соққы дейді жиналғандар. Бұл туралы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тағдырдың тауқыметінен бірі арбаға таңылса, енді бірі зағип хәлге түскен бірінші топтағы мүгедек жандар ең алдымен мемлекеттен төленетін жәрдемақыны өсіру керек дейді. Көбі жәрдемақыға күнкөріс қиындаған соң, қоғамдық жұмыстарға тартылғандарын айтады. Алайда оның да қаржысы қысқартуға түсіпті. Қымбатшылық қысқандықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың бір бөлігі қоқыс теруге мәжбүр болдық дейді.

“Қалада қазір қоқыс жәшігін ақтарып кетті нан іздеген халық. Бұл қымбатшылық бізге мына жерімізден келіп тұр. Бірінші топтағы мүгедектердің айлығын 100 мыңға көтерсін. Екінші топтағы 85 тен 90 мыңға дейін көтерсін. Үшінші топты 70-80 мыңға дейін көтерсін. Мынау жеке көмекшіге статусын беріп, олардың айлығын 150 мыңға көтерсін”, – дейді 1-топтағы мүгедек Дастан Орынбасаров.



“Бұрын 85 мың теңге тұғын. Қазір 40 мың. Одан тағы нелерді ұстайды, мына зейнетақы жарнасын, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлемдер. Шынын айтса, бір кабинетте кондиционер астында 400-500 мың теңге алады. Бұлардыкі 40. Енді жетпегені осы қарапайым халық пен мүгедектердің ақшасына жармасу болды ма?”, – дейді 1-топтағы мүгедек Дүйсенәлі Жүсіпов.

Жиналғандардың қала бойынша қызмет ететін бір ғана инва такси қызметіне де көңілі толмайды. Оның үстіне жеке қараушымызға күніне 8 сағатқа төленуі керек ақы, 6 сағаттан артық есептелмей отыр дейді.

Сөздерінше, жеке көмекшілер үшін Алматы облысы 170 мың теңгеге дейін төлесе, 30 шақырым жердегі Түркістанның өзі 130 мың теңге алады. Ал Кентауда төлем 50 мыңнан аспайды екен.

Сондай-ақ, бұл қаладан 10 шақырым жердегі ауылдарға 25 пайыз ауылдық үстеме мен 20 пайыз экология төленеді, Кентауда бұл да қарастырылмаған дейді. Шағымданушылардың алдына шыққан қала әкімі қоғамдық жұмыс үшін қарастырылған төлемді көбейту үшін әрекет етіп жатқанын айтты.

Талқылау