Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жедел жәрдеммен келген фельдшер сөз салған": Елорда тұрғыны қалай медициналық қызметкерге алданып қалғанын айтты

Нұр-Сұлтан қаласында жедел жәрдем қызметкері жалғызбасты әйелді алдап кеткен. Әйелдің сөзінше, Жалын есімді фельдшер үйленетінін айтып алдап, оған несие алдырған. Алайда ақша қолына түскен соң хабарсыз кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жалын

Журналист Гүлмира Әбіқай алаяқтың құрбаны болған жалғызбасты әйелдің оқиғасын жариялады. Сөзінше, әйел 4 жасар баласы ауырып қалғандықтан жедел жәрдем шақырған. 

"Келген фельдшер жігіт баланы баурап, әйелдің жүрегіне жол табады. Күнде хабарласып, баланың денсаулығын сұрап жаны қалмайды. Әр күн сайын арасында уақыт тауып келіп, 2 аптада Маржанға сөз салып үлгерген. Келіншек "Иә" дейді. Жігіт үйленетінін үйдегілерге айтып қойғанын ескертеді. Одан кейін 2 күн хабарсыз кетеді", – деп жазды журналист Facebook парақшасында. 

Кейін жігіт әйелге хабарласып, басы дауға қалғанын, шұғыл ақша керек екенін айтқан. Бұған сенген әйел ойланбастан 1 миллион теңге несие алып, ақшаны жігітке берген. Алайда ақшаны алған соң ол хабарсыз кеткен. 

"Жігіт жұмыс істейтін 7-ші қалалық емхана басшылығы "Сенен басқа 7 қыз келген алдандым деп жылап, неге алданасыңдар?" деп өзіне ұрсып беріпті. Нұр-Сұлтанда жатақхананың бір бөлмесін жалдап, баласымен күнін әрең көріп жүрген келіншек бұрынғы несиелерінің үстіне тағы біреуін қосты", – дейді Гүлмира Әбіқай. 

Журналисттің сөзінше, алаяқ жігіт қомақты қаржыны қолды етсе де, оған қатысты іс қозғалмаған. Полиция мәліметіне сәйкес, оның үстінен зардап шеккендер ешқандай арыз түсірмеген. 

"Аталған азаматқа қатысты ешқандай тергеу шаралары жүріп жатқан жоқ. Оған қатысты зардап шеккендерден арыз келіп түспеген", – делінген хабарламада. 

Талқылау