Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"40 ауруға ем "Көк чөшур" әзірлейміз": Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері Наурыз мейрамын қалай тойлайтынын айтып берді

Наурыз – Қазақстанда тұратын әр халық үшін ортақ мейрам. Өзбек және ұйғыр ұлтының өкілдері бұл күнді ұлттық дәстүрлерімен, ән-жырмен, думанмен атап өтеді. Дастархандары көктемнің берекесін білдіретін тағамдарға толы болып, өзбек ағайындар "сүмәлак" дайындаса, ұйғыр қауымы наурыз көжеден бөлек, дәстүрлі тағамдары "көк чөшурді" әзірлейді. Осы ретте Stan.kz тілшісі Мақсадбек Абдужаббаров пен Абдулхалил Долкунтайдан мейрамды қалай тойлайтынын сұрап білді.

Фото: Stan.kz | Мақсадбек Абдужаббаров пен Абдулхалил Долкунтай

“Әйелдер “ичиги”, ерлер “бурка” киіп шығады”

Астана қаласы Өзбек этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Мақсадбек Абдужаббаров Наурыз мерекесінде ұлттық киім кию дәстүрінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл күн – халықтың бірлігі мен мәдениетін көрсететін ерекше мереке. 

"Наурызда ұлттық киім кию дәстүрі бар. Менің отбасымда да бұл дәстүр сақталады. Осы күні әрқайсымыз өзіміздің ұлттық киімдерімізді киіп, мерекені ерекше атап өтеміз. Әсіресе, үлкендер мен балалар ұлттық киім киіп, мерекелік дастарханға отырып, бірігіп уақыт өткізеді. Ұлттық киімдеріміздің ішінде әйелдерге арналған "күйлек" және "ичиги" ерекше орын алады. Күйлек – әдемі, түрлі-түсті жібек матадан тігілген көйлек. Оның үстіне әшекейлі белбеу тағылып, үлкен сақиналар мен әшекей бұйымдар тағылады. Ичиги – жеңіл, бірақ өте сәнді сырт киім, көбіне күзде немесе қыста киіледі. Бұл киімдеріміздің әрқайсысы өте ерекше. Ұлттық нақышта тігілген және бізге ата бабаларымыздан қалған дәстүрді көрсетеді", – деді Мақсадбек Абдужаббаров.

Мақсадбек Абдужаббаров ерлер үшін наурыз мерекесінде киілетін киімдер арасында "Чапан" және "бурка" бар екенін айтады. Чапан – ұзын, жеңіл сырт киім, көбіне барқыт немесе жібек маталардан тігілетін, денеге жайлы әрі сәнді көрінетін киім дейді. Максадбек Абдужаббаровтың айтуынша, бұл киімнің түрі ерлерге көбірек тән.

Фото: Мақсадбек Абдужаббаровтың жеке архивінен

Мақсадбек Абдужаббаров мейрамға дайындықтың маңызды бөлігі үй тазалау дәстүрі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мерекеден бұрын үйді жақсылап тазалап, жаңа жылға дайындық жасау – ежелден келе жатқан әдет. Өзбек ұлтының өкілі үйдегі барлық терезе мен есіктерді ашып, таза ауа мен жарықтың кіруіне мүмкіндік беру жаңарудың, жаңа өмір мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың белгісі екенін атап өтті.

Өзбек этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары мерекелік мәзірде өзбек тағамдарының өзіндік орны бар екенін алға тартады. Мақсадбек Абдужаббаров бұл мейрамда адамдар тек көтеріңкі көңіл-күймен емес, дәмді тағамдармен де бір-бірін қуантады деп отыр.

"Қазақстандағы өзбек қауымдастығы мен Өзбек мәдени орталықтары Наурызды атап өту кезінде үлкен қазандарда палау пісіру дәстүрін сақтайды. Мейрам кезінде халқымыз, әсіресе, Алматы, Астана және басқа да ірі қалаларда осы дәстүрлі палауды үлкен қазандарда дайындап, халыққа тегін таратуды ұйымдастырады. Палау пісіру процесі көп адамның бірге жұмыс істеуін талап етеді. Сондықтан бұл іс-шара жиі топтасып өткізіледі. Біздің үйде де палау – басты ұлттық тағам. Оны жақсылап қыздырылған қазанда әзірлейміз. Қой етін қуырып, кейін күріш қосамыз. Күріштің дәмін арттыру үшін бірнеше рет жуып, суға жібітеміз. Зира, тұздықтар мен сарымсақ ерекше хош иіс береді. Отты дұрыс реттеп, "тұндыру" әдісімен пісіру маңызды", – деді Мақсадбек Абдужаббаров.

Бұдан бөлек Мақсадбек Абдужаббаров мейрамда самса (қамырдың ішіне ет, картоп немесе көкөніс салып, тандырда немесе пеште пісірілетін тағам), сүмәлак (сұлы дәні мен ұннан жасалып, ұзақ уақыт қайнатылады), қазан-кебаб (қазанда баяу отта пісіріледі), халим (ет, бидай және май қосып жасалатын қою тағам), чакчак (ұннан жасалған тәтті, бал мен жаңғақтар қосылып дайындалады), шербет (бал немесе жеміс шәрбаты) әзірленетінін ерекше атап өтті.

“Көк чөшур” – көктемнің берекелі тағамы”

Ал Қазақстан Ассамблея мүшесі, "Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай ұйғыр халқы үшін Наурыз – ерекше мейрам екенін айтып берді. Бұл күнді ұйғырлар "Новируз" немесе "Гүлхана" деп атайды дейді.

Абдулхалил Долкунтайтың айтуынша, ұйғыр халқының мәдениеті мен дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал олардың ұлттық тағамдары мен мейрамдары денсаулыққа пайдалы әрі терең мағынаға ие. Солардың бірі – "Көк чөшур" мейрамы.

"Көк чөшур" – көктемнің берекелі тағамы. Бұл мейрам көктемнің алғашқы кезеңінде, жерден көк шыға бастаған кезде тойланады. "Көк чөшур" деп аталатын тағам осы уақытта өсіп шығатын жоңышқа (беде) мен басқа да шөптердің жас өркенінен дайындалады. Ұйғыр халқы мұны "40 ауруға ем" деп санайды. Негізгі тағам – тұшпара (чөшур), оның ішіне жаңа жиналған көк шөптер мен ет салынып дайындалады. Сонымен бірге бұл күні арнайы мал сойылып, сорпа әзірленеді.

Фото: Абдулхалил Долкунтайдың жеке архивінен 

Бұл тағамның пайдасы зор:

  • Қою қанды сұйылтады, қан айналымын жақсартады
  • Асқазан-ішек жолдарын тазалайды
  • Ағзаны жеңілдетіп, жазғы маусымға дайындайды", – деді Абдулхалил Долкунтай.

Ассамблея өкілі 2024 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, бұл мейрам ресми түрде атап өтілетін мерекелер қатарына енгізілген.

"Ұйғыр халқы күз айында "Әткән шай" мейрамын тойлайды. Бұл – күзгі жиын-терімнің аяқталуына арналған дәстүрлі мейрам. "Әткән шай" сөзі "бай дастархан", "шай мерекесі" деген мағынаны білдіреді. Ұйғырлардың дастарханында міндетті түрде "гюш нан" (сорпалы нан), лағман, хошан (қуырылып, буға піскен манты) және "самбоз" (қуырылып пісірілген самса), саңза (жіңішке етіп пісірілген тәтті нан) түрлі тәттілер болады. Біз де үлкен қазанға от жағып, 7 түрлі дән салып "Наурыз көже" дайындаймыз. Халқымыз бұл күні дастархан жайып, отбасылық дәстүрлерді сақтай отырып мерекені қарсы алады", – деді Абдулхалил Долкунтай.

Абдулхалил Долкунтайтың пікірінше, Наурыз – тек табиғаттың жаңаруы емес, адамның рухани тазаруының да символы. Осы мейрамда араздасқандар татуласып, адамдар бір-біріне жақсылық тілейді.

"Қарттарға құрмет көрсетіп, жастар бата алады. Достар, туыстар бір-біріне қонаққа барып, ақ дастархан басында шүйіркелеседі. Бұл күні жастан бастап қартқа дейін ұлттық киім киіп, мерекенің сәнін келтіреді. Өкінішке қарай, қазір жастардың арасында ұлттық киім кию дәстүрі сиреп барады. Алайда бұл үрдісті жандандыру – ұлттың рухани мұрасын сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге көмектеседі", – деді Абдулхалил Долкунтай.

Фото: Абдулхалил Долкунтайдың жеке архивінен 

"Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы әр өңірде ұйғыр этномәдени орталықтары бар екенін айтады. 

"Біз жыл сайын Наурыз мерекесіне орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырамыз. Концерттерде ұлттық билер орындалады, ұйғырдың дәстүрлі "Сама" және "Доппа" билері жиі орындалады. Сонымен қатар "мәшрәп" өткізіледі – бұл ән мен биді, әзіл-қалжың мен дәстүрлі ойындарды қамтитын ұлттық жиын. Спорттық жарыстар да өткізіледі. Қазақ халқындағыдай арқан тартыс, ләңгі тебу, асық ату, күрес, көкпар секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады", – деді Абдулхалил Долкунтай.

Наурыз бұл ең әуелі бірлік пен ынтымақтың мерекесі дейді Абдулхалил Долкунтай. Ассамблея өкілі елімізде 100-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті

"Бұл мейрам арқылы ұлттық мәдениетімізді дәріптеп қана қоймай, қазақ халқымен бірге достық пен татулықты нығайта түсеміз. Ұйғыр халқының мәдениеті мен дәстүрлері қазақ мәдениетімен тығыз байланысты және біз осы бірлікті әрдайым бағалаймыз", – деп түсіндірді Абдулхалил Долкунтай.

Әлем елдері Наурыз мейрамын қалай тойлайды?

Наурыз – барлық түркі халықтары үшін Жаңа жылдың және көктемнің бастауы. Бұл жарқын мереке Орталық Азия елдерінде, Еуропаның кейбір аймақтарында, тіпті Үндістанда да аталып өтеді. Әр халықтың бұл мейрамды атауында айырмашылықтар болғанымен, оған дайындық пен атап өту дәстүрлері ұқсас. Көптеген елде адамдар үйлерін тазалап, жаңа киім сатып алып, дастархан жайып, жақындарын қонаққа шақырады.

Наурыз, Навруз, Новруз Байрам – бұл мерекенің атауы әртүрлі болғанымен, мән-мағынасы бір. Оны Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Тәжікстан, Иран, Әзірбайжан, Албания, Үндістан және Жапония сияқты елдерде кеңінен атап өтеді. Бұл елдердің тұрғындары Наурызды жаңару, махаббат, мейірім және күн мен түннің теңелу күні деп санайды. Биыл көршілес Өзбекстанда Наурызға дайындық бір ай бұрын басталған. Бүкіл елде сенбілік – "хашар" өткізіледі. Ал мереке күні басты көшелерінде халықтық серуендер – "сайиль" ұйымдастырылады.

Ал Әзірбайжанда Новруз Байрам қарсаңында "тонгал" дәстүрі бар. Адамдар өткен жылғы барлық қиындығын артта қалдыру үшін от жағып, оны жеті рет секіріп өтеді. Мерекенің басты символы – бидайдың көктеген жасыл өскіндері. Бұл бейне барлық мерекелік безендірулерде кездеседі, тіпті үйлердің кіреберісінен-ақ көрінеді. Осы күндері мұндай композициялармен Баку әуежайы да безендіріледі.

Түркияда көктемгі күн мен түннің теңелу мейрамы – ауқымды тойлау емес, керісінше, жылулық, бірлік және тарихи тамырларды еске алу күні. Түркияда Наурыз мерекесіне орай демалыс күндері жоқ. Бірақ университеттерде бұл мейрамға арналған концерт өтеді. Онда Қазақстан, Қырғызстан және басқа түркі елдерінің студенттері өнер көрсетеді. Түркия халқы бұл мейрамды өз мәдениетінің бір бөлігі деп санайды. Кейбір аймақтарда адамдар алау жағып, оны секіріп өтеді, сондай-ақ дәстүрлі "халай" биін билейді.

Талқылау