Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

“4 жылда 160 адамды жұмыстан шығардым”: Майра Мұхамедқызы Шымкенттегі опера театрының былығын әшкереледі

Фото: Жеке парақшадан алынды

Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы қызмет жолында кездескен қиындықтарын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әншінің өмір жолына арналған “Алғашқы” бағдарламасында өнер иесінің әріптестері оның іскерлігін айтып, мақтады.

”Бізге 2021 жылы Майра Мұхамедқызы басшылыққа келді. Ол кісі келген кезде театрдың іші ескіріп, әбіржіп тұрған еді. Залда бір ғана жарық жанатын. Көрермендер отыратын орындықтардың тозығы жеткен еді. Майра Мұхамедқызы өзі демеушілер тауып, өткен жылы тамыз айында 30 миллионға орындықтарды ауыстырды. Театрдың барлық жерінен су өтетін, іші жылымайтын. Барлығын жөндеуден өткізді. Бұрынғы қалпымен салыстырғанда қазір театр деп ауыз толтырып айтатын күнге жеттік. Шымкент қалалық опера театрын әлемдік деңгейге көтергісі келіп, әлемдік деңгейдегі операларды қойғысы келді. Сол кезде біздегі кейбір мамандар оны түсінбей, айқай-шу шығарды. Басында ұжым ішінде қақтығыстар көп болды. Кейбіреулер Майра апай мамандарды құртып, өзінің командасын жинап жатыр деп ойлады. Қазір бізге әлемдік деңгейдегі режиссерлар мен дирижерлар келіп жатыр”, — дейді Майра Мұхамедқызының әріптесі Ерлан Қолдасбаев.


  • "Қолыңызды алуға батылым бармады": Майра Мұхамедқызы Ален Делонмен кездескен сәтті есіне алды

  • "Ең қиыны – сатқын адамдардың арасында жұмыс істеу": Майра Мұхамедқызының тыңдармандары оған Шымкенттен кетуге кеңес берді


Өнер иесі басшылық қызметке кірісер алдында ұжымдағы қызметкерлер тарапынан қысым көргенін де жасырмады.

”Театрға бара салған кезде 40 жігіт алдымнан шықты. “Бізден соққы жемей тұрып, қысым көрмей тұрып, ақырындап кетіп қалыңыз, біз сізді сыйлаймыз. Бірақ жаңа адамның келгенін қаламаймыз” деді. Сосын мен: “Айналайындар, мен сендерден қорықпаймын. Бұл өмірде бәрін көрдім. Мен сіздердің жағдайларыңызды жасау үшін келдім дедім. Қазір солардың бәрі – менің қызметкерлерім. Осы театрдың жанашырлары. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Қаншама жылдар бойғы театрға деген махаббаты, айлықтары аз, театр жабылудың алдында тұр. Соңғы үміттері қалған сәт. Театрдың ішінде де туыс-туғанын жұмысқа алған жағдайлар болған. Театрға мүлде қатысы жоқ, басқа саладағы адамдар кіріп кеткен. Тәртіп те, заң да жоқ болып, театр деп айтуға ауыз бармайтындай болып кеткен. 4 жылда 160 адамды жұмыстан шығардым. Кадр бөліміндегі маман “Майра ханым, болды енді, жарты Шымкентті жұмыстан шығардыңыз ғой”, деді. Басында енді маман табылмай қала ма деп те қорықтым. Бірақ бір есік жабылса, екіншісі ашылады дегендей, аз айлыққа сізбен бірге жұмыс істеп, әлемдік тәжірибені көргіміз келеді деген керемет мамандар келді”, – дейді ол.

Гүлдана Нұрлыханова
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 11:02
Талқылау