“4 сағатқа кешіккен”: Таразда қызметкер жұмыс берушісін сотта жеңіп шықты
Фото: depositphotos.com
Таразда 4 сағатқа кешіккені үшін жұмыстан шығарылған зауыт қызметкері сотта жеңіп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азамат 2022 жылдың қарашасынан бастап "ЖТК Қазфосфат" ЖШС қоймасында оператор болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қазан айында жұмыс беруші қызметкердің таңғы 8:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс орнында болмауына байланысты еңбек тәртібін бұзды деген акт жасаған. Осыдан кейін талапкермен еңбек шарты бұзылғаны туралы хабарланған.
"Жұмысқа бара жатқан жолда көлігінің дөңгелегі жарылып, ол тұрақта тұрған көлікпен соқтығысқан. Бұл туралы талапкер бірден басшыларына хабар берген. Ұсынылған скриншоттардан талапкердің екі басшысымен сөйлесіп, жұмысына уақытында келе алмауының себебін түсіндіргені көрінеді. Сонымен бірге, сол басшылардың бірі оны жағымды жағынан сипаттайды", – деп нақтылады сот.
Сот қызметкердің жұмысқа келмеу себебін уақтылы хабарлағанын және жұмыс берушіге ешқандай зиян келтірмегенін анықтады. Талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Жұмыстан шығару туралы бұйрық заңсыз деп танылып, талапкер жұмысқа қайта орналастырылды. Сонымен қатар, "ЖТК Қазфосфат" ЖШС-нен мәжбүрлі түрде жұмыс істемеген уақыты үшін 1,4 миллион теңге көлемінде жалақы және 500 мың теңге моральдық зиян өтемақысы өндіріп алынды.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін декреттік демалысқа шыққан қазақстандық ер адам сот арқылы төлемдерін қайтарып алғаны туралы жазған едік.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
