"4-5 еркек қаршадай қызға жабылғандары ұят": Қазақстандықтар Bayansulu-ға қатысты дауда композиторды қолдаған өнер иелеріне бойкот жариялады

Желіде Bayansulu-ға қатысты дауда композитор Қуат Әбілді қолдаған кейбір өнер иелері қазақстандықтардың сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күні кеше композитор Қуат Әбіл ел алдына шығып, Bayansulu лақап атымен танымал Баянсұлу Сағындықоваға қатысты мәлімдеме жасаған еді. Оның видеосы желіде жылдам тарап, қызу талқыланды. Қолданушылар белсенді түрде ой бөлісіп, пікір жазды. Талқыға Бағлан Әбдірайымов, Марат Омаров, Бақыт Тұрман, Қуаныш Кеңес сынды шоу-бизнес өкілдері де қосылды.
Дегенмен көпшіліктің назарын әсіресе әнші Серік Ибрагимов, сондай-ақ актерлер Нұрболхан Шарапов пен Жанболат Найзабековтің жазбалары аудартты.
Алғашқылардың бірі болып Серік Ибрагимов композиторға қолдау білдірді.
“Біраз дүниеден хабардармыз. Адамды өзгерту үшін мансап мен мал жеткілікті деген сөздің дәлелі болғандай болды. Бауырым, аққа құдай жақ”, – деп жазған ол.
Жанболат Найзабеков композитордың аңғал мінезін сөз етіп, ескерту жасап, оған сәттілік тіледі.
“Мен саған “Ақкөңілдігің бір күні зиян болып тиеді” деп қақсадым ғой, енді міне не болды? Алматыға келгеніңе қанша жыл болды, әлі үй алмадың не көлігің жоқ. Біреуді емес, өзіңді ойлайтын кез келді ғой көке-ау. Сәттілік серігің болсын”, – деп жазды ол.
Ал желі қолданушыларының ашуын тудырған ең даулы пікірді актер Нұрболхан Шарапов қалдырды.
“Бұдан былай мүләйімсіп келгендердің ешқайсысына сенбей, әр әнің үшін 3-4 миллион теңгелеп ал. Әйтпесе, қанша рет аузың күйді. Шекеңе тимейді екен. Неше жылдан бері сонша хиттер жазып, пайдасын көрмей, әлі күнге дейін бес баламен пәтер жалдап тұрасың. Оны түсініп тұрған Баянсұлу жоқ. Ешкімді аяма. Артыңда қолдаушыларың бармыз. Қазір ақкөңілдердің емес, қасқырлардың заманы. Сиыр сипағанды білмейді. Керек болса, сотқа мен де барамын, тәжірибем бар. Енді ол тараптан кез келген рас-өтірігі бар сөз шығуы мүмкін. Жылап халық алдына шығуы да мүмкін. Дайын бол, себебі Баянсұлудан қаншама сөз естідің ғой, көрдік”, – деп жазды ол.
“Қаршадай қызға жабылды”
Осы пікірлерге ерекше мән берген қолданушылар оларды пікірлерде белгілеп, Threads желісінде арнайы жазбалар жариялап жатыр.
Мәселен Әсия есімді қолданушы өнер жолында біршама жылдан бері жүрген тұрғалардың қаршадай қызға жабылғанын ұят санайды.
“Шынында, өнер адамдары ішінде ер адамдар қаршадай қызға жабылғандарыңыз ұят екен. Бір мықтының қызы болса тістеріңіз батпас еді. Бір өзін шырылдатып, өте ұят. Сіздер де қыз өсіріп отырсыздар! Автор сіздікі де еркектікке жатпайды!” – деп жазды ол.

Тағы бір қолданушы қазақстандықтарды өнер иесілеріне бойкот жариялауды ұсынды.
“Құрметті оқырмандар Нұрболхан, Серік, Жанболат сияқты Қуат Әбілге тағы да басқа жақтасқан оңбаған кісілерге байкот жариялайық! Оқырмандарын азайтып көрейік, қалай батыр болып сайрайды екен! Аллаға тапсырдым сіздерді!” – деп жазды ол.
Сабина есімді қолданушы өнер өкілдері жағдайдың анық-қанығына жетпей тұрып, жас әншіні көпшілік алдында төмендеткені өте қате.
“Серік, Жанболат, Нұрболат, Бағлан мырзалар мен Баян ханым, осыншама осыншама аудиториялырыңыз бола тұра, істің анық-қанығына бармай жас әншіні ел алдында төмендеткендеріңіз қате! Продюсер ортақ таныс әрі еркек болғасын ғана сөз айта алмай Баянсұлуға ғана әңгіме айтып отыр. Келісімшартқа отырмаған өзі, гонорарын да келіспеген өзі. Осы уақытқа дейін өзі айтқандай атақты әншілермен жұмыс жасаған болса, сол уақытта неге жасап алмады жағдайын? Продюсер кеткенге дейін неге сұрамады ақшасын? Ән әлемге танымал болғасын ғана отбасы жағдайын тықпалап мынадай әңгіме айтуы ерсі екен! Неге ақша жөніндегі мәселе, жалпы видео неге бұрынғы продюсеріне арналмаған?” – деп жазды ол.
Тағы бір қазақстандық өнер иелерінің әрекетін қатаң сынға алды. Ол мұндай жағдайға араласу орынсыз екенін алға тартты.
“Ұят-ай, қазақ халқының білдей бір әншілері масқара. Сендерге бойкот! Сендердің шаруаларың қанша? Қолдасаң үндемей қолдап, отыра беріңдерші! Жол көрсету деген сол ма ағайын?! Бұдан былай қазақтың қыздары деп қорғамай-ақ қойыңдаршы. Қорғау қолдарыңнан келмейді. Қолдасаң екеуі де қазақ, “Бауырлар, бір сыпайы түрде мәмілеге келіңдер” деп қолдаудың орнына хит болып көтеріліп кеткен соң көре алмай отыр. Әйтпесе, білдей бір қазақ халқының алдына шығып, өнер көрсетіп жүрген сіздер секілді адамдарға жараса ма? Нұрболхан, Жанболат, Серік мырзалар?” – деп жазды ол.

Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін композитор Қуат Әбіл әнші Баянсұлудың репертуарындағы бірқатар хит әндердің авторы екенін айтып, ол үшін қаламақы төленбегенін мәлімдеді. Қуат Әбілдің сөзінше, шығармашылық жолының басында әнші оған ақша маңызды емес екенін, ең бастысы – танымал болу екенін айтқан. Сол себепті композитор бар күшін салып, сапалы әндер жазып бергенін айтады. Бірақ уақыт өте келе оның еңбегі бағаланбай қалған.
Қуат Әбіл Баянсұлу бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқаннан кейін, жаңа командасымен бірге өзіне қайта жүгінгенін айтты. Ал композитор тиесілі қаламақысын төлеуді сұрағанда сотқа шақырту қағаз алған. Енді ол елден әділдік сұрап отыр.
“Менің бес балам бар. Көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді бердім. Танылып алғаннан кейінгі қарым-қатынас осындай болды. Сонда әділдік қайда?” – деді ол видеоүндеуінде.
Ал әнші Баянсұлу бұл айыптаулармен келіспей, композитор таратқан мәліметтің шындыққа сай келмейтінін мәлімдеді. Баянсұлу Қуат Әбілдің қолына тиген сотқа шақыру қағазының әнге еш қатысы жоқ екенін ашық айтты.
Әнші өз кезегінде әндер үшін ақы төлеуден бас тартпағанын, келісілген бағаның кейін үш есе өскенін, бірақ соңында Қуат Әбілмен ортақ мәмілеге келгенін хабарлады. Алайда екі сағат өтпей жатып, композитор ойын өзгертіп, әндерді барлық платформадан өшіруді талап еткен.
Қазір тараптар арасында авторлық құқық пен қаламақыға қатысты дау әлі де жалғасып, мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік