Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев Университеті мен "ҚазМұнайГазға" тексеру жүргізіледі

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Әлихан Смайылов Тоқаевты Жоғары аудиторлық палатаның биылғы II тоқсандағы жұмысының қорытындысымен таныстырды. 

Айтуынша, көлік саласына, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне аудит жүргізілді. Сонымен қатар жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған 73 нысан тексерілді. Нәтижесінде 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы кемшіліктерді жою үшін көлік саласын дамыту, бюджеттік-инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау тетігін қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленгенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар топтамасын таныстырып, биыл екінші жартыжылдықта жүргізілетін аудиторлық іс-шаралар туралы баяндады. 



Атап айтқанда, Назарбаев Университеті, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ қызметі, сот жүйесі, ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттарға тексеру жүргізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше мән беру керек екенін айтты.

Талқылау