Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

300-ден астам қазақстандық турист Дубайдан шұғыл түрде елге оралды

видеодан скрин

Дубайдан ұшқан екі ұшақ Қазақстан азаматтарымен Алматы қаласына қонды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, FlyDubai рейстері бүгін сағат 02:45 пен 06:23 аралығында аталмыш елдердің әуе кеңістігін айналып өтіп, елге 13 маусымда ұша алмаған 332 туристі және жоспарлы жолаушыларды жеткізді.

Еске салайық, 13 маусымда Біріккен Араб Әмірліктерінен, атап айтқанда Дубай мен Абу-Дабиден Қазақстанды қоса алғанда, бірнеше өңірге рейстер тоқтатылған болатын. Бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қабылданды.

Бұған дейін ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігіне, сондай-ақ осы мемлекеттермен шектес аумақтар арқылы ұшуға тыйым салған болатын.

Сондай-ақ 13 маусымда Дубайдан ұша алмаған барлық туристер қонақүйлерге орналастырылған.

Қазіргі уақытта олардың ұшу мәселесі қарастырылып жатыр. Кейбір туристер бүгін түнгі рейстермен елге оралды.

Еске сала кетейік, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға әуе шабуылын жасаған. Бұған жауап ретінде Иран Тель-Авивке соққы берген. Осыдан кейін тараптар бір-біріне қарымта шабуыл жасауды жиілеткен. Израильдің соққысынан кейін Натанздағы ирандық ядролық нысанда радиациялық және химиялық ластану тіркелген.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл қақтығыстың тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттелуі қажет екенін атап өтті.

Бұнымен қоса Қазақстандық әуе компаниялары Таяу Шығыстағы 6 елдің әуе кеңістігінің үстінен, ішінде және маңайында ұшуына тыйым салды. 

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 15 Маусым, 2025 10:36
Талқылау