30 миллиард теңге артық: Депутаттар мектептегі тегін тамаққа негізсіз қаражат бөлінген деп дабыл қақты

Фото: depositphotos.com
"Respublica" партиясы мектептердегі тегін ыстық тамақты ұйымдастыру кезінде бюджет қаражатын жоспарлау мәселесіне байланысты Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фракция өкілдерінің айтуынша, талдау партияның "Шешімдер фабрикасы" платформасына келіп түскен ұсыныстар негізінде жүргізілген.
"Бұл талдау бірқатар өңірлерде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Әңгіме тек есептеу формулалары туралы емес. Әңгіме – балалардың тамағы туралы, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы туралы және мемлекеттік деректердің дұрыстығы туралы болып отыр", – делінген хабарламада.
Депутаттардың сөзінше, кейбір өңірлерде тегін тамақтандыруға арналған бюджеттік қажеттілік 170 оқу күніне есептеледі.
"Ал шын мәнінде оқу күндерінің саны 165 күннен аспайды. Айырмашылық небәрі 5 күн. Бірақ бұл жай ғана цифр емес – бұл миллиондаған бюджет қаражаты. Астана қаласында 111 мыңнан астам оқушыны бір күн тегін тамақтандыруға шамамен 90 млн теңге жұмсалады. Демек, бар болғаны 5 күнге артық жоспарлау бір ғана қалада шамамен 450 млн теңгенің негізсіз қарастырылуына әкеледі. Егер нақты қажеттілік белгілі болса, неге бюджет бастапқыдан артық жоспарланады?" – делінген хабарламада.
Ел бойынша мектеп тамақтандыруымен 2000-нан аса кәсіпкер айналысады. Дегенмен бюджеттік өтінімдер барлық кәсіпкерлер ҚҚС төлейді деген есеппен жасалатынын айтады депутаттар.
"Бүгінде ел бойынша мектеп тамақтандыруымен 2000-нан аса кәсіпкер айналысады. Соның ішінде шамамен 200 кәсіпкер ғана ҚҚС (қосымша құн салығы) төлеуші. Яғни бар болғаны 10%. Алайда көптеген өңірлерде бюджеттік өтінімдер барлық кәсіпкерлер ҚҚС төлейді деген есеппен жоспарланады. Нәтижесінде бюджеттік қажеттілік шамамен 16%-ға артық қалыптасады”, – делінген хабарламада.
Фракцияның есебінше, биыл мектептердегі тегін тамақтандыруға 192 млрд теңге бөлінген. депутаттар шамамен 30 млрд теңге көлеміндегі қаражат артық жоспарлануы мүмкін екенін алға тартты.
“Ағымдағы оқу жылында мектептердегі тегін тамақтандыруға 192 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, шамамен 30 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың артық жоспарлануы мүмкін. Мысал келтірейін. Астана қаласында мектеп тамақтандыруын ұйымдастыратын 22 кәсіпкердің тек біреуі ғана ҚҚС төлеуші. Соған қарамастан 14,4 млрд теңге көлеміндегі бюджет ҚҚС-пен есептелген. Бұл шамамен 2,1 млрд теңгенің негізсіз қарастырылғанын көрсетеді”, – дейді депутаттар.
-
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген
-
Семейде мектеп асханасында бәліштің ішінен тышқанның жүні табылған
Сауалда онлайн форматқа көшу мәселесі де көтерілген.
"Кәсіпкерлер оқушыларды таңғы 8–9-да тамақтандыру үшін тамақты таңғы сағат 5–6-дан бастап дайындайды. Азық-түлік алдын ала сатып алынады. Ал сабақтардың болмайтыны немесе онлайн форматқа ауысатыны туралы ақпарат кейде өте кеш беріледі. Нәтижесінде дайын тағам мен сатып алынған азық-түлік кәсіпкердің шығыны болып қалады. Биыл 12 оқу күні онлайн форматта өткен. Соның нәтижесінде бір ғана қалада бюджет шамамен 1 млрд теңге үнемдеді, ал дәл осы сома кәсіпкерлердің нақты шығыны ретінде олардың мойнында қалған", – дейді депутаттар.
Фракция мемлекеттік органдар ұсынатын деректердің нақты жағдайға сәйкес келмейтінін де атап өтті.
"Оқу-ағарту министрлігінің деректері бойынша Маңғыстау облысында мектеп тамақтануының құны 900 теңге деп көрсетілген. Ал Мемлекеттік сатып алулар порталындағы нақты келісімшарттардағы баға 543,1 теңге. Мұндай сәйкессіздіктердің салдары да өте маңызды: мемлекеттік статистика бұрмаланады, басқарушылық шешімдер дұрыс емес деректер негізінде қабылданады, стандарттардың орындалуы туралы жалған көрініс қалыптасады", – делінген хабарламада.
Фракция үкіметтен бюджеттік өтінімдерді нақты қажеттілікке сәйкестендіруді, ҚҚС-ты негізсіз енгізуге жол бермеуді, тамақтану құнын индексациялауды және бірыңғай есептілік жүйесін енгізуді сұрады.
Еске салсақ, осыған дейін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов "зиян" тағамдарды міндетті түрде таңбалауды енгізіп, мектептерде сатуға тыйым салуды ұсынған еді.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген