Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің әр үш жыл сайын жалақысы көтеріледі: Сондай-ақ оларға арзан ипотека мен қосымша демалыс күндері беріледі

Мәжіліс депутаттары жаңа Конститутцияда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына байланысты заң талаптарын бірінші оқылымда қарады. Мұнда жалақыны қаншалықты жиі көтеретіні, "сауықтыру" төлемдері және оларды қайдан төлеу керектігі нақты көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңартылған заң жобасында мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін бірқатар нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу тетігі енгізіледі, үстеме жұмыс, демалыс және мереке күндері үшін өтемақы төлеу көзделеді.
Жалақы көлемі мен зейнетақы
Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын негізінен мемлекеттік бюджеттен төленеді. Кейбір органдар үшін, мысалы, Ұлттық банк, төлемдер өз қаражатынан жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, заң заңсыз алынған активтерді қайтаратын Арнайы мемлекеттік қордан ақша пайдалануға мүмкіндік береді.
Жалақы қызметкердің атқаратын жұмысына, міндеттер санына және нәтижесіне байланысты болады. Неғұрлым көп жұмыс пен жоғары тиімділік болса, соғұрлым жоғары жалақы төленеді. Жалақы инфляцияны ескере отырып, кемінде әр 3 жыл сайын қайта қаралады. Сонымен қатар қызметкер бір елді мекеннен екіншісіне ауысқанда немесе мемлекеттік орган көшірілген жағдайда қызметшілерге көтерме жәрдемақы және мүлкін тасымалдауға өтемақы төленеді. Балалары балабақшаға кезексіз қабылданады. Одан бөлек, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қарастырылады.
Жалақыға қызметкердің еңбек өтілі де әсер етеді. Мемлекеттік қызметтегі немесе кей жағдайда басқа жұмыс тәжірибесі есепке алынады.
“Еңбек өтілі артқан сайын жалақы да өседі. 25 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда 4 айлық жалақы көлемінде төлем қарастырылған. Бұл ұзақ жылдар бойғы адал қызмет үшін сыйластық пен әділдікті көрсету мақсатында жасалады”, – деді Мемлекеттік істер жөніндегі агенттік.
Жалақыны ұстап қалатын жағдайлар
Жаңа заңда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қалуға болатыны көрсетілген. Бірақ ол туралы өзіне алдын ала хабарлануы тиіс.
Ақша мынадай жағдайларда ұсталады:
- Іссапардан кейін ақшаны қайтармаған жағдайда;
- Аванс алған, бірақ оны өтемеген жағдайда;
- Мерзімінен бұрын демалыстан шыққан немесе өз келісімі бойынша басқа жағдайларда.
Сонымен қатар, егер қызметкер оқуды аяқтамаса (мемлекеттік бағдарлама бойынша), жалақысынан ұстап қалуы мүмкін. Бірақ барлық жағдайда ұсталған ақша жалақының 50%-ынан аспауы керек.
Заңда көрсетілгендей, егер адам уақытша мемлекеттік қызметке алынса, мысалы, тексерістен өтіп жатқанда немесе орын бос болса, оған сол қызметке белгіленген минималды жалақы төленеді.
Ақылы еңбек демалыс қалай болады
Мемлекеттік қызметкерлерге жылына кемінде 30 күн ақысы төленетін еңбек демалысы беріледі. Демалыс кезінде "сауықтыру" төлемі – екі жалақы көлемінде, бір рет төленеді.
Стаж өскен сайын демалыс күні ұзарады:
- 10 жылдан кейін – +3 күн
- 15 жылдан кейін – +5 күн
- 20 жылдан кейін – +10 күн
- Тағы +3 күн спортпен айналысқан және денсаулығын күткен қызметкерлерге беріледі.
Демалысқа шыққан кезде жалақы алдын ала төленеді – кемінде 3 күн бұрын.
Қысқа қосымша демалыс (10 күнге дейін) алуға болады. Мысалы, той, бала туу немесе жақындарының қайтыс болуы жағдайында беріледі.Оқу демалысы біліктілікті арттыру үшін жалақы сақтала отырып беріледі. Ал кей бағдарламалар бойынша, мысалы, шетелде оқу кезінде, демалыс ақысыз болуы мүмкін.
Қажет болса, қызметкерді демалыстан шақырып алуға болады. Кейде қызметкердің келісімінсіз де, мысалы, төтенше жағдай, апат немесе шұғыл жұмыс кезінде шақырып алуға болады. Қолданылмаған күндер кейін беріледі немесе ақшамен өтеледі.
Егер қызметкер жұмыстан кетсе, пайдаланылмаған демалыс күндері бойынша өтемақы төленеді.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған