Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3 жасар қыздың 18 тісін қатар емдеп өлтіріп қойған: Астаналық анестезиолог сот залынан босатылды (видео)

Астанада тісін емдетпек болған 3 жасар қыздың өлімі: Анестезиолог сот залынан босатылдыФото: Видеодан скрин

Астанадағы Dent Park Ortho клиникасында қайтыс болған үш жасар қыздың өліміне қатысты айыпталған анестезиолог Аида Жұмағалиеваға үкім шықты. Сот дәрігерді кінәлі деп таныды. Алайда ол амнистия бойынша жазадан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта Зеренің ата-анасы қызының тісі ауырғандықтан жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген айтылды. Тексеру барысында 11 тістің зақымданғаны анықталған. Жалпы наркозбен емдеуге дайындық үшін пациентке тексерулер, атап айтқанда жалпы қан талдауы, коагулограмма, жүректің УДЗ тағайындалған.

“Қабыну процестерінің және қолайсыз зертханалық көрсеткіштердің болуына қарамастан анестезиолог жалпы седация жағдайында ұзақ уақытқа созылған стоматологиялық ем жүргізген. Жіберілген бұзушылықтар салдарынан науқас көз жұмған. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен дәлелденді”, – деп мәлімдеді сот.

Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыруды тағайындауды. Алайда Амнистия актісін қолдану арқылы негізгі жазаны өтеуден босатуды, сондай-ақ өз кінәсін мойындамай, өзін кінәсіз деп танып, ақтауды сұрады.

Айыпталушыға қатысты үкімді судья Қажымұқан Мекемтас оқыды. Сот шешіміне сәйкес, Аида Жұмағалиева Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі (Кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау салдарынан абайсызда адамның өліміне әкеп соғу) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған екі жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жазасын тағайындады.

Сот аталған қылмысты абайсызда жасалған және онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқызды. Сонымен қатар сотталушының 2 кәмелетке толмаған баласы барын, жұмыс орнынан берілген оң мінездемесі және бұрын сотты болмауын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.

Алайда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай амнистия заңына байланысты, сотталушы жазадан босатылды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жеке стоматологиялық клиникада 3 жасар Зере Есентай 2024 жылғы 30 қазанда 18 тісін бір күнде емдеу кезінде көз жұмды. Наркоз жоспардан ұзақ созылып, медициналық бақылауда бірқатар бұзушылықтар анықталды. Дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 16:44