"3 шақырым жерге жүгіріп бардым": Қазақстандық полицей ақтүтек боранда жүргізушілерге қалай көмектескенін айтып берді

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты жол қозғалысы қиындады. Павлодар облысында полицейлер қар құрсауында қалған көліктерге көмектесіп, жүргізушілерді қауіпсіз жерге дейін бастап барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елімізде ауа райы әлі де күрделі болып тұр. Қар аралас жаңбыр, көктайғақ, қатты желден жол қозғалысы қиындады.
"Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында автожолдардың барлық учаскесінде полиция қызметкерлері тәулік бойы жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Жүргізушілерден ауа райының өзгерістерін қадағалап, SMS-хабарламаларға мән беруді және жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпауды сұраймыз. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтаңыздар. Күрт маневрдан аулақ болу және жол белгілерінің талаптарын орындау қажет. Жолдағы сақтық – өзіңіздің және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілі", – деді полицейлер.
Трассада қалған барлық жолаушыға полиция қызметкерлері жан-жақты көмектесіп жатыр. Павлодар-Астана автожолында патрульдік полицейлер Жақсылық Мусабаев пен Темірбек Аманжол қар құрсауында қалған шамамен 10 автокөлікті шығарып, оларға қауіпсіз жерге дейін жол бастап жүрді.
Ақтоғай ауданында аға инспектор Дамир Уляев жолды тексеру барысында жол жиегінде тұрған жүк көліктерін байқаған.
"Бірнеше жүк көлігі жол жиегінде бірнеше сағат бойы тұрған. Ауа райы өте қолайсыз болды, қатты желден ештеңе көрінбейді. Ойланбастан жол көрсетіп, жақын маңдағы базаға дейін жүгіріп бардым. Шамамен 3 шақырым жүгірдім. Ауа райы жақсарған соң жүргізушілер жолдарын жалғастырады. Ең бастысы – барлығы аман-есен", – деді аға инспектор Дамир Уляев.
Еске салайық, бұған дейін “ҚазАвтоЖол” ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше аймақта көлік қозғалысына шектеу енгізілгенін мәлімдеген еді.
Қазақстандағы ең ірі мәмілелер: "Қазақмыс" пен "Қазцинктің" жаңа қожайындары туралы не белгілі