Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй ойнатқан: Танымал блогер Нұрбек Нұртаза Instagram-да лотерея өткізгені үшін жазаланды

Миллиондаған оқырманы бар блогер Нұрбек Нұртаза Instagram-да лотерея өткізгені үшін жазаланды

Видеодан скрин

Танымал қазақстандық блогер Нұрбек Нұртаза, лотерея өткізгені үшін айыппұл төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы туризм және спорт министрлігі мәлімдеді. 

Министрліктің мәліметінше, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Instagram әлеуметтік желісіндегі "Justking31" аккаунтына қатысты заңсыз лотерея қызметін ұйымдастыру фактісін анықтады. Кейін ҚР ТСМ ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне хат жолдады.

"Материалдарды қарау барысында аталған парақшада Алматы қаласындағы екі қабатты үйдің ұтысқа тігіліп, сондай-ақ күн сайын ақшалай қаражат пен смартфондардың ойнатылғаны анықталды. Бұл ретте азаматтарға ұтыс ойынына қатысу үшін Oilan Lab ЖШС-іне тиесілі 29 990 теңгелік оқу курстарын сатып алу қажет болған. Жеңімпаздар "Поле чудес" жабдығы арқылы кездейсоқ әдіспен таңдалған", – делінген ақпаратта. 

Нәтижесінде блогерге “Лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу” бабымен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оған 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Істі қарау барысында ол кінәсін толық мойындап, айыппұлды төледі.

Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызған еді.

Сот барысында Ерболат Жанәбіловтің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік ісін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс Экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды. Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс те тоқтатылып, қылмыстық іске ауыстырылды.

Олардың ісі қылмыс құрамының болуына байланысты қайта тергеуге жіберілді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 19:14
Талқылау