Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 млрд теңге пайда тапқан: Петропавлда сот пайдалы қазбаларды заңсыз өндірді деп айыпталған кен орнының иесін ақтап шықты

Петропавлда алқабилер соты пайдалы қазбаларды заңсыз өндірді деп айыпталған Обухов тау-кен байыту комбинатының иесі Виктор Долгалевті ақтап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: youtube.com/@baitassov_live

Виктор Долгалев 2024 жылы 3 ақпанда ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдың наурызында индустрия министрлігі Долгалевтің “Тиолайн” компаниясымен Обухов кен орнындағы жер қойнауын пайдалану келісімшартын 38 миллиард теңге қарызға байланысты бұзған.

Долгалевке “Тиолайн” компаниясының мүлкін пайдалануға тыйым салынған. Алайда ол шектеулерге қарамай заңсыз өндіруді жалғастырған. Кен Қытайға және басқа елдерге заңсыз жолдармен экспортталып, 2021-2023 жылдар аралығында заңсыз экспорт көлемі шамамен 113 мың тоннаны құраған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, кәсіпкер заңсыз экспорттан 26 млрд теңгеден астам пайда тапқаны анықталды. 

Тергеу барысында кәсіпкердің экспорттан түскен ақшаны кен орнынан іргелес 7,5 мың гектар ауылшаруашылық жерлерін сатып алуға жұмсағаны, мұнда да заңсыз өндіру жүргізгені анықталды.



Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында орналасқан Обухов тау-кен байыту комбинаты Қазақстандағы титан-цирконий кендерінің ең ірі өндірушісі. “Тиолайн” компаниясы Обухов кен орнында 2006 жылы 2023 жылға дейін өндіру құқығын алған.

Петропавлдың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жарты жылға жуық уақыт бойы Виктор Долгалев пен оның ұлының ісін қарады. Айыптау қорытындысы бойынша жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану кезінде келтірілген шығын көлемі 4 триллион теңгені құраған.

Прокурорлар Виктор Долгалевті он жылға, ал ұлын 5,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот алқабилердің шешімімен Виктор Долгалевті кінәсіз деп тапты. Долгалевтің ұлын Тайынша аудандық соты 2024 жылдың сәуір айында зауыт аумағынан мүлікті шығару туралы сот бұйрығын орындамағаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот сотталушылардың мүлкіне салынған тыйымды алып тастау туралы шешім қабылдады.

Еске салсақ, 2024 жылы 3 ақпанында "Тиолайн" компаниясының иелерінің бірі Виктор Долгалевтің жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін ұсталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Желтоқсан, 2024 18:44
Талқылау