Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"25 жылдан бері Жаңа жылды тойламаймын": Қазақстандықтар неге мерекеден бас тартатындарын айтты

Жаңа жылды атап өтпеуді саналы түрде таңдаған қазақстандықтар да бар. Олар от шашу, шырша тамашаламайды тіпті отбасылық дастархан жаймайды. Олар бұл мерекеден не үшін бас тартады?  Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.

Желтоқсан ардагері Күлмариям Тойболды 25 жылдан бері Жаңа жылды атап өтпейді. Бұған ең алдымен Тәуелсіздік күніне деген көзқарасы әсер еткен. Келіншек спорт мектебінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, мекемеде желтоқсан басталмай жатып-ақ жаңа жылдық безендіру жұмыстары қолға алынып, төл мереке еленбей қалатынына қапаланады. 

“Мен жиырма бес жылдан бері Жаңа жылды тойламаймын. Бұған ең алдымен Тәуелсіздік күніне деген көзқарасым себеп. Жаңа жылға дайындық тым ерте басталып, соның салдарынан ел үшін аса маңызды Тәуелсіздік күні екінші қатарға ысырылып қалғандай әсер қалдырады. Шырша тігіліп, жаңа жылдық безендіру басталған сәт менің көңіліме ауыр тиеді. Спорт мектебінде жұмыс істеймін. Мұнда желтоқсан айы басталмай жатып-ақ Жаңа жылға дайындық басталып кетеді. Шынымды айтсам, бұл жағдай жанымды қинайды. Себебі дәл осы кезеңде Тәуелсіздік күніне лайықты мән берілмей жатқандай сезімде боламын. Осындай көзқарасым үшін кей әріптестерім мені түсіне бермейді, тіпті бұл ұстанымым ұнамайтындар да бар. Мен үшін ұлттық мерекелер мен елдік маңызы бар күндер әрдайым бірінші орында”, – дейді келіншек.

Сондай-ақ ол шамамен 20 жыл бұрын теледидардан сатирик Михаил Задорновтың Жаңа жыл туралы айтқан әңгімесі де ойына әсер еткенін жеткізді.

“Сонымен қатар, бұдан шамамен 20 жыл бұрын теледидардан сатирик Михаил Задорновтың бір әңгімесін естігенмін. Ол Жаңа жылдың шығу төркініне тоқталып, феодалдық кезеңде салық жинаушылар жыл соңына дейін алым-салықты жинап бітіріп, соның нәтижесін 31 желтоқсанда атап өткенін айтқан еді. "Сіздер шын мәнінде салық жиналған күнді тойлап жатырсыздар" деген пікірі мені ойландырды. Менің түсінігімде, нағыз жаңа жыл  табиғаттың жаңарып, күн мен түн теңесетін уақыты. Бұл – Наурыз мерекесі. Ол ежелден түркі халықтары үшін, соның ішінде мұсылман жұртшылығы үшін ерекше мәнге ие мейрам. Сондықтан мен үшін Жаңа жылды емес, ұлттық әрі рухани құндылықтарға негізделген мерекелерді атап өту маңызды”, – дейді ол. 

Бұл ұстанымды Сұңғыла Нұртайқызының отбасы да ұстанады. Оның айтуынша, Жаңа жыл оның отбасы үшін де аса маңызды мейрам болмаған. Бұған жақындарының діни ұстанымы мен қытай қазақтарына тән салт-дәстүр әсер еткен екен.

Фото:жеке мұрағаттан

“Жаңа жыл біздің отбасы үшін аса маңызды мейрамдардың қатарына кірмейтін. Ес білгелі бері бұл мерекені ерекше атап өтпейтініміз есімде. Мұның себебі отбасымыздың діни ұстанымында немесе қытай қазақтарына тән салт-дәстүрде мерекелерді дабырасыз қарсы алу әдетінде жатқан болар. Біз үшін жасанды салтанаттан гөрі рухани мәні терең, ұлттық және діни мейрамдар әлдеқайда қымбат еді. Сол себепті Наурыз мейрамы мен айт күндері отбасымызда ерекше ықыласпен, өз деңгейінде атап өтілетін. Ал Жаңа жыл мен үшін уақыт өте келе басқа мәнге ие бола бастады. Бұл мерекені көбіне достарыммен бірге қарсы аламын. Олардың отбасындағы жылулық, бірлік пен мерекелік көңіл күй маған да жұғып, Жаңа жылдың маңызын өзгеше қырынан сезінуге мүмкіндік берді. Осылайша, Жаңа жыл мен үшін отбасылық дәстүрден гөрі достықтың, ортақ естеліктер мен жаңа үміттердің символына айналды”, – дейді Сұңғыла.

Ал Ақмарал Мамбетованың алты баласы бар. Отбасымен сегіз жылдан бері жаңа жыл тойлаудан бас тартқан. Басты себеп – қаржының жетіспеушілігі. 

Фото:видеодан скрин

“Біз жаңа жыл тойламағанымызға сегіз жыл болды. Тойламауымыздың басты себебі – жетіспеушілік. Дастархан жасап, балаларымызды қыдыртатын жағдайымыз жоқ. Кіші баламның мүгедектігі бар. Той тойлап, жаңа жылды дүркіреп өткізетін жағдайда емеспіз”, – дейді келіншек. 

Желі оқырмандары Жаңа жыл тойламайтындарын ашық жазып жатыр. Олардың айтуынша жаңа жылды тойламау өмір салтына айналғанын айтады.

“Біз отбасымызбен мүлдем Жаңа жыл тойламаймыз. Осындай ұстанымда жүргендер бар ма екен деп кейде ойлаймын. Біз үшін 31 желтоқсан басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ, кәдімгі қарапайым күн. Сол күні күнделікті ішіп-жейтін тамағымызды ішеміз, ешқандай арнайы дастархан жайылмайды. Кешкі сағат 10-11 шамасында әдеттегідей ұйықтап қаламыз. Осындай өмір салтын ұстанып келе жатқанымызға шамамен 3–4 жыл болып қалды. Қазір артқа қарап ойласам, бұрын Жаңа жылды тойлап, манты жасап, түрлі салаттар әзірлеп, абыр-сабыр болып жүргеніміздің мәні не болды екен деп өзіме сұрақ қоямын. Тек қарбалас”, – дейді желі қолданушылары. 

Желі қолданушысы бұл шешімнің діни ұстанымымен байланысты екенін де жасырмайды. Оның айтуынша, отбасы үшін рухани мәні бар мерекелер маңыздырақ.

“Енді, Алла қаласа, балаларымды да кішкентай кезінен осы ұстанымға баулып, тек мұсылмандардың мерекелерін қадірлеуді, соларды атап өтуді үйреткім келеді. Бұл да тәрбиенің бір бөлігі деп білемін”, – дейді ол. 

Жаңа жылды тойламауды саналы түрде таңдаған отбасылар туралы әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылып жатыр. Бірі мұндай ұстанымды қолдаса, енді бірі оны түсіне бермейтінін жасырмайды. 

"Әр адамның өз ұстанымы бар. Тойласа – тойлайды, тойламаса – тойламайды. Ең бастысы, бір-бірімізді сөкпей, түсіністікпен қарау керек", – дейді желі қолданушылары.

Алайда бұл көзқараспен келіспейтіндер де бар. Олардың пікірінше, Жаңа жыл  балалар үшін қуаныш сыйлайтын мереке дейді.

"Жаңа жыл – балалар үшін қуаныш. Оны мүлде алып тастау дұрыс емес деп ойлаймын", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Сонымен қатар, кейбір қолданушылар мәселені кеңірек қарау қажет екенін алға тартады.

"Тәуелсіздік күні де, 8 наурыз да, Аналар күні де діни мерекелерге жатпайды. Егер тек діни ұстаныммен қарасақ, онда басқа мемлекеттік әрі қоғамдық мерекелерді де тойламау керек шығар. Дегенмен әркім өз шаңырағында қалай өмір сүретінін өзі шешеді", – деп пікір білдірді тағы бір желі қолданушысы.

 Бұл тақырып қоғамда әлі де қызу талқыланып жатыр.

Гүлнара Мәлік
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 09:00