248 миллиард теңге жымқырылды: Жекеменшік мектептерді қаржыландыру кезінде заңбұзушылықтар анықталды

Қаржы министрі Мәди Такиев премьер-министрі Олжас Бектеновке жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру аудитінің алдын ала қорытындылары туралы баяндады. Қаржыландыру кезінде миллиардтаған қаржының жымқырылғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәди Такиевтің айтуынша, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы деңгейден (13,3 миллиард теңге) 20 есе асып, 248 миллиард теңгеге жеткен.
2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болып, салдарынан деректер бұрмаланып, бюджет қаражаты теріс пайдаланылған
“Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері қаржыландыру барлық кезеңнің ашықтығы мен автоматтандырылуын қамтамасыз ететін Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына ауыстырылды, бұл қазіргі кезеңде жаңа тәсілдің тиімділігін растады әрі қаражатты жосықсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді”, – делінген баяндамада.
Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудит барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Олардың ішінде:
- Мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту;
- Ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
- Бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
- Күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда) анықталды.
Қаржы министрі заңбұзушылықтардың көптеген фактілері туралы айтты.
“Аудит барысында анықталған деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруға қатысуды білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде қарастырғанын көрсетеді. Мұндағы заң бұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қадағаламауынан немесе олардың тікелей қатысуымен болып отыр”, – деді министр.
Алдағы уақытта қаржы министрлігінде аудиторлық іс-шаралар әлі де жалғасуда және олардың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалады.
Бұған дейін Қазақстанда жекеменшік мектептерге қойылатын талаптар күшейтілетіні туралы жазған едік.
"Еркектен сезіне алмаған қамқорлықты сезіндім": Қазақстандық әйелдер бостондық некеде қалай өмір сүріп жатыр