Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"24 млн теңге құйдым": Атырауда құрылыс компаниясы бір топ үлескерді сан соқтырып кетті

Атырауда баспана аламыз деп бар жиған ақшасын салған үлескерлер үйден де, ақшада да айырылып отыр. Жергілікті тұрғындардың пәтер құрылысының аяқталуын күтіп жүргендеріне 4 жылдың жүзі болған. Алайда компанияның заңсыз әркеттерінің кесірінен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Адамдарға пәтер уәде еткен компания халықтан қыруар қаржы жинап алып, алаяқтық жасаған. Кінәлілер алаяқтық бабымен жауапқа тартылды. Алайда жәбірленушілер алаяқтардың жазаланғанынан өздеріне еш пайда жоғын айтады. Олар үлескер ретінде үйге 20 миллионнан мен 40 миллион теңге аралығында ақша құйған. 

“2021 жылы екі бөлмелі пәтер аламын деп бар жиған ақшамды салдым. Содан бері сабырымыз сарқылды. Не істейтінімізді білмейміз. Екі жылдан бері туыстардың үйін жағалап жүрмін. Үйді тезірек салып бітірсе жақсы болар еді”, – дейді үлескерлердің бірі Индира Темірова.

Қазір "Байсанат", "Қазанап" "Сарайшық", "Фемили таун" тұрғын үй кешендерінің құрылысы тоқтап тұр. 

“Ақша да, үй де жоқ. Төрт бірдей тұрғын үй кешенінің адамдары жүрміз тентіреп. Тіпті, бар баспаналарын осы үйді аламыз деп салғандар бар. Несие алып, салғандар да бар. Өзім 24 млн құйдым”, – дейді Сәрсенбай Тәуіров.

Ал шенеуніктердің айтуынша, құрылыс компаниясы тиісті құжаттарды өткізбей, үйді заңсыз салған. Сол себепті жұмысты қайта жандандыру үшін инвестор табудан басқа шара жоқ деп отыр.

“Құрылысқа рұқсат құжаттамалары толық жасақталмаған. Сонымен бірге қазіргі уақытта сот шешімі шығып, әлі күшіне енбеген. Осыған байланысты әкімдікпен құрылысты аяқтау бойынша инвестор іздеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшартқа отырып, алдын ала ақша берген адамдардың саны 200-ге жуықтайды”, – дейді Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы Әсет Сембаев.



Уәде етілген пәтеріне қол жеткізе алмай отырған бір топ адам қазір жалдамалы пәтер мен жақындарының үйінде тұруға мәжбүр. Халықты сан соқтырған компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары түрлі жаза арқалаған.

"Nazik Group" ЖШС директоры 5 жылға сотталса, "Atameken", "Baisanat Residence" және "Family town" құрылтайшылары мен жауапты қызметкерлері 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек Атырау қаласының прокуратурасының қаулысы негізінде осы үлескерлердің ақшасын тартып алу мақсатында жарнама әрекеттерін жасаған үшін 2 құрылыс компаниясына 1 млн теңгеден әкімшілік айыппұл салынды”, – дейді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Какиев.

Үлескерлер алаяқтар сотталып қана қоймай, өздеріне тиесілі ақшаны қайтарсын деп талап қойып отыр.

Бұған дейін Алматыда 200 отбасы жеті жылдан бері өз үйіне кіре алмай жүргені туралы жазған едк.  

Талқылау