Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

24 қарашадан бастап қазақстандықтарға кепілсіз несие алуға шектеу қойылады

Енді банктер несие алушыға барлық сыйақысы мен комиссиясын ашып көрсетуге міндеттеледіФото: istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" №70 қаулыны қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаулыда кейінгі 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қарыз алушылар үшін борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендету көзделеді. Бұл осы қарыз алушылардың артық міндеттемелер алу мүмкіндігін шектеуге және қайта дефолт ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, төмендегідей талаптардың бірі болған кезде кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беруге шектеу енгізіледі:

- банктік қарыздар бойынша күнтізбелік 30 күннен аса және (немесе) микрокредиттер бойынша 1 күннен аса төлем мерзімі өткен кезде,

- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек болған кезде,

- кейінгі 12 айда қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілсе.


 


Бұл өзгерістер биыл 24 қарашадан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа берілетін тұтынушылық несиелердің ең жоғары пайыздық мөлшерлемесін 46%-дан 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. 

 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 12:50
Талқылау