Қазақстанда 1859 жылдан бергі ең жоғары температура тіркелді

Қазақстанда 2026 жылдың ақпан айы ауа райының күрт құбылуымен ерекшеленіп, бірқатар өңірде температуралық рекордтар жаңартылды. Алматыда +23,6 градус тіркеліп, бұл 1859 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда 2026 жылдың ақпаны ауа райының күрт құбылмалылығымен ерекшеленді. Аномалды жылынудан бастап, қалың қар мен боранға дейінгі жағдайлар тіркелді. Көптеген өңірде ауа температурасы климаттық нормадан 1-6 градусқа жоғары болды. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері де әдеттегіден едәуір көп түсті.
Ақпан айының басында Қазақстан аумағында белсенді циклондық үдерістер байқалды. Атмосфералық фронттардың өтуі қардың мол жаууына себеп болды. Мәселен, 6 ақпанда Астанада бір тәулікте 23 мм жауын-шашын түсті, ал айлық норма 17 мм. Яғни, бір күнде норманың 135 пайыздан астамы жауған. Ақкөлде 21 мм жауын-шашын тіркелді (қалыпты жағдай – 16 мм).
Түркістан облысында 9-10 ақпан аралығында Ащысай станциясында 91 мм жауын-шашын жауып, айлық нормадан (74 мм) 23 пайызға артық болды. 19 ақпанда Абай облысында да айтарлықтай жауын-шашын тіркелді – 15 мм (қалыпты жағдай – 7 мм). Айдың басында елдің оңтүстік және шығыс өңірлеріне оңтүстіктен келген жылы ауа массалары әсер етіп, жаңа температуралық рекордтардың орнауына себеп болды.
2 ақпанда Шымкентте ауа температурасы +15,6 градусқа жетіп, 2021 жылғы рекордтан (+14,5) асты. 4 ақпанда Қызылордада +13,4 градус, Түркістанда +17,5 градус тіркелді. Павлодарда 6 ақпанда температура +2,8 градусқа, ал Өскеменде +4,7 градусқа дейін көтеріліп, бұл да жаңа максимумдар болды.
Ақпанның екінші онкүндігінде де рекордтар жалғасты. 14 ақпанда Ақтауда ауа температурасы +17,2 градус болып, 2024 жылғы рекордтан (+14,1) асты. 17-18 ақпанда Ақтауда +11,4 градус тіркеліп, 1978 жылғы көрсеткіштен жоғары болды. 18 ақпанда бірден үш станцияда рекорд жаңарды. Мысалы, Павлодарда +3,4 градус (1983 жылғы рекорд +0,5), Семейде +5,6 градус (1943 жылғы рекорд +3,3), Көкшетауда +0,8 градус (1978 жылғы рекорд +0,1). 19 ақпанда Алматыда тарихи максимум тіркелді +23,6 градус. Бұл көрсеткіш 1859 жылдан бергі бақылаулар тарихындағы ең жоғары температура болып саналады.
Айдың үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына суық антициклон келіп, жауын-шашынсыз тұрақты аязды ауа райы орнады. Солтүстік және шығыс өңірлерде температура -30…-39 градусқа дейін төмендеді. Алайда абсолюттік минимум рекордтары тіркелмеген.
Жалпы алғанда, синоптиктердің мәліметінше, 2026 жылдың ақпаны Қазақстанда ауа райының жоғары құбылмалылығымен ерекшеленіп, аномалды жылу мен қатты аяз қатар байқалды. Жауын-шашын мөлшері кей өңірлерде нормадан 1,3-6 есеге дейін артқан, ал температура ауытқулары айтарлықтай болған. Астанада айлық орташа температура -11,4 градус болып, бұл нормадан 2,2 градусқа жоғары. Ең жоғары температура 18 ақпанда (+2,1 градус), ал ең төменгі температура 27 ақпанда (-28,7 градус) тіркелді.
- Қазақстанда 2026 жылғы көктем мен жаз қандай болады: Ауа райынан не күтеміз
-
Синоптиктер 2026 жылғы сәуірде қазақстандықтарға жылы ауа райын уәде етті
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ақпан айында ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде температуралық рекордтар жаңарған еді. Синоптиктердің мәліметінше, елде аномалды жылу мен қатты аяз қатар тіркеліп, жауын-шашын мөлшері де нормадан бірнеше есе артқан.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған