Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«220 мың доллардай қарыз болғанмын»: Бағлан Әбдірайымов құмар ойыннан қалай құтылғанын айтты

«Жігіттер» квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымов өзінің құмар ойынынан әзер құтылғанын айтты. Қарызға белшесінен батқан ол әлі соны төлеумен келеді екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Niet» бағдарламасына сілтеме жасап.

Бағлан

«Ол құны жоқ ақша болды. Сондықтан қалай келді, ол солай шашылды. Шынымды айтсам, сол ақшаға көлік алдым. Қымбат киімдер алдым. Жәй көзілдіріктің өзін мен мың долларға алатынмын. Бірақ үстімдегі курткам өз-өзімен жоғалып кетті. Көзілдірік те жоқ болды. Көлігім де солай кетті. Бұл ақшаның ешқандай қайыры болмады. Сол уақытта үй соғып жүргенмін. Қолымда ақша бар, соның қалған жөндеу жұмыстарын бітіргім келді. Бірақ сол кезде «Үйдің кірпіші маңдай термен келген ақшаға қаланды. Мына лас ақшаны араластырмай-ақ қояйыншы» деген ой келді. Неге десеңіз? Бірде ағамның үйіне қонақа бардық. Ол кісі есігінің сыртына аят сүресін жазып қойған. Соны аға «Бізбен келген жаман нәрселер үйге кірмейді. Сүренің қасиеті-қадірі бар» деп түсіндірген. Сол нәрсе көкейімде қалып кеткен ғой. Сол маған өз пайдасын берді. Сөйтіп мен үй құрылысын арам ақшаға жасамадым», – дейді Бағлан Әбдірайымов.

Құмар ойынын ойнауға оқып жүрген намазы да тосқауыл болмаған. Қарыздан-қарызға кіріп, соңында оның құны 220 мың долларға жетіпті. 

«Намаз оқудың да өз түрлері бар. Біреу тозақтан қорыққаны үшін оқитын шығар. Ал біреуі қатардан қалмас үшін оқуы мүмкін. Біреу басына проблема түскен кезде оқитын шығар. Жүрекке жетпеген деп есептеуге болады. Сондықтан намаз бәрі жайына қалды. Намазды тастап кеттім. Қарыз туралы мен кітапта жаздым. 220 мың доллардай қарыз болғанмын үйді, көлікті айтпағанда. Бір ағаға қарыз едім, соны жақында ғана мың долларын беріп құтылдым. Үш жылдай уақыт өтіпті. Қазір аз-маз қарыздар қалды. Мен қазір эфирге келіп мақтан, абырой тұтып айтып жатқаным жоқ. Қазір кейбір қаракөз бауырларым «Маған көмектесіңізші», «Жолын айтыңызшы» деген сияқты  дайректке жазады. Барлығы осы былықта жүр. Кітаптың жарыққа шыққаны да сол еді. Бұл жерге шамам келгенше егер қарызға кіріп қиналып жүргендер болса,  онда оны тек қиындатпау керек екен деп айту үшін келдім», – дейді әнші.

Айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан үйін де сатып жіберген.

«Бір күні келіншегім үйде тұрған 200 мың теңгеге бір зат алқысы келді. Бірақ оған тимеші дедім. Өйткені ол құмар ойыннан келген ақша еді деп шамам келгенше бір түйір нан алып келмеге тырысатын едім. Бұл нәрсенің уақытша екенін, бір күні тастайтынымды біліп жүргенмін. «Періште алтын көрсе жолдан таяр» демекші тастамадым. Бірақ бір күні барлығының астан-кестеңі шыққанда түс көргендей «бұл қалай?» деп ойланып қалдым», – дейді ол

Әншінің айтуынша, құмар ойынынан бірден шығып кетпеген. Анасының сөзіне де құлақ аспаған кездері болыпты. 

«Баласын уайымдайды, қызын уайымдайды. Сол уайымдайтын жүрген болса да менің кінәм бар ғой деп ойлаймын. Барлығы кітаптың ішіне жазылған еді. Ерғали ағамыз, әкем, анам бар төртеуміз отырғанда «Осындай қарыз болып қалдым. Жағдайым осы» деп айтқан кезде мен анама уәде бергенмін. Сол кезде маған «Енді ойнасаң балам деп атамай-ақ қояйын» деді. Бірақ үш айдан кейін мен қайтадан соған бардым. Ойнай бастадым. Сол уақыттарда өзімді сыртымнан қарай бастадым. Алатын ақшам, қарыз сұрайтын адам жоқ. Сөйтіп жүріп ол жердегі ойыншылармен сұхбаттаса бастадым. Қарасам, бірінің кәсібі, бірінің зауыты, бірінің отбасы болған. Барлығы жүрген бақытсыз жандар. Бәрі бір карта мен шариктің соңынан бақыт іздеп жүрген адамдар. Соны түсіне бастадым», – дейді Бағлан Әбдірайымов.
 

Талқылау