Алатау қаласы Дубай, Сингапур және Хайнань үлгісімен дамиды

Парламенттің бірлескен отырысында “Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы” Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр. Жиында вице-премьер қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 миллиард долларға дейін жететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев Үкімет әзірлеген Конституциялық заң жобасын қысқаша таныстырды.
Вице-премьердің айтуынша, қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
“Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Ұсынылып отырған заң жобасы Алатауды халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті қалаға айналдыруға, экономикалық өсімді жеделдетуге және жаңа инвестициялар тартуға бағытталған”, – деді Бозымбаев.
Инвесторларды қорғау және тұрақты ережелер
Вице-премьер Алатау қаласы дербес құқықтық режиммен дамитынын айтты. Бұл қала жеке қаржылық модельге, арнайы басқару жүйесіне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.
“Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе ескерілген. Атап айтқанда, Шэньчжэнь мен Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Оңтүстік Корея), Сингапур, Дубай және Доха қалаларының даму үлгілері зерттелген. Сарапшылардың пікірінше, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді басқару мен кең өкілеттіктер атқарады. Осыған байланысты Үкімет Алатауда салық режимдерін дербес бекіту, инвестициялық жеңілдіктерді әкімшілендіру және басқару жүйесінде икемділік енгізуді ұсынып отыр. Сонымен қатар жаңа бағыттар, оның ішінде 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр”, – деді Бозымбаев.
Бозымбаевтың сөзінше, әлемдік тәжірибеде арнайы экономикалық аймақтардың шамамен 60%-ы сәтсіз аяқталған.
“Оған бюрократия, құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және инвесторлар құқықтарының дұрыс қорғалмауы себеп. Үкімет бұл тәуекелдерді болдырмау үшін заң жобасында барлық қажет тетікті қарастырған”, - деді премьер-министр оынбасары.
Заң жобасы инвестициялық келісімдердің тұрақтылығын бекітіп, инвесторлардың құқығын қорғайды. Оның ішінде халықаралық арбитраж немесе Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы қорғау мүмкіндігі бар.
“Салықтық модель де нақты айқындалған: жеңілдіктер тек басым салалардағы жаңа жобаларға беріледі. Бұл жобалар тиімділік, экологиялық талаптар және инновациялық даму критерийлеріне сай болуы тиіс. Билік ұзақ мерзімді жоспарлауға басымдық беріп отыр. Қаланың дамуы ондаған жылға есептелген. Ал негізгі құжаттарды жиі өзгерту жоспарланбаған. Бұл инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді”, – деді Бозымбаев.
Қандай жобалар жүзеге асады?
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев өңірде жүзеге асатын жобалар мен оларға бөлінетін қаржы көлеміне тоқталды.
“Қазір Алатау қаласында жалпы құны 1,8 триллион теңге болатын 44 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Бұл жобалар шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Инвесторлар қатарында Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy және басқа да ірі халықаралық компаниялар бар. Сонымен қатар KAIST университетін ашу, индустриялық-логистикалық хабтар құру және туристік жобаларды іске асыру жоспарланған”, – деді Бозымбаев.
Жеке юрисдикция және жаңа басқару органы
Бозымбаевтың айтуынша, Алатауды басқару үшін жаңа мемлекеттік орган – Alatau City Authority құрылады.
Вице-премьердің айтуынша, Алатау қаласы дербес қаржылық моделі, басқару жүйесі және құқықтық режимі бар жеке экожүйе ретінде қарастырылады. Заң жобасында салықтық жеңілдіктер енгізу, лицензиялауды жеңілдету және инвесторлар үшін “бір терезе” қағидатын іске асыру көзделген.
“Оның стратегиялық бағытын премьер-министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал күнделікті атқарушы жұмысты бас директор жүзеге асырады. Әкімдік пен мәслихат қаланың әлеуметтік және коммуналдық мәселелеріне жауап береді. Қалада инвесторларға қолайлы жағдай жасалады. Атап айтқанда, “бір терезе” қағидаты енгізіліп, инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Инвесторлар халықаралық арбитражды немесе Астана қаржы орталығын таңдау мүмкіндігіне ие болады. Салықтық жеңілдіктер тек басым бағыттағы жаңа жобаларға беріледі”, – деді Бозымбаев.
“Digital by default” және жасанды интеллектке басымдық
Бозымбаевтың пікірінше, қала Алатау Smart City қағидаттары бойынша дамиды.
“Қалада барлық негізгі қызмет цифрлық форматта көрсетіліп, жасанды интеллект, роботтандыру және автономды көлік сияқты инновациялық технологиялар енгізіледі. Сонымен қатар цифрлық активтер айналымын реттеу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Қаланың дамуы 30 жылдық ұзақ мерзімді жоспар мен 15 жылдық стратегияға негізделеді. Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында бұл құжаттарға өзгерістер шектеулі түрде енгізіледі”, – деді Бозымбаев.
Заң жобасында технологиялық даму да ерекше орын алады. Алатауды “Digital by default” қағидаты бойынша дамыту жоспарланған. Бұл цифрлық басқару, эксперименттік құқықтық режимдер және жасанды интеллект, пилотсыз көлік пен цифрлық активтерді енгізу дегенді білдіреді.
“Қалада криптобиржаларды реттеу және токенизация мүмкіндігі қарастырылады”, – деді вице-министр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған